Ақтөбеде мұнай мен газдың көлеңкелі айналымын жою мәселесі талқыланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері» атты өңіраралық форум өтті. Форумға прокуратура, ішкі істер органдары, шекара қызметінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері» атты өңіраралық форум ұйымдастырылды. Форумға ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин, бірнеше министрлік өкілі мен Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Форумда мұнай мен газды ұрлау фактісін тоқтату, мемлекеттік шығынды қайтару, қауіпсіздік технологиясын енгізу, есептеу құралдарын қондыру және мұнай мен газдың көлеңкелі бизнесін тоқтату үшін күш біріктіру жолдары талқыланды. Себебі, мұнай ұрлығы мемлекетке шығын әкеледі. Мәселен, соңғы үш жылда елімізде 1 миллион тонна «қара алтын» ұрланып, көлеңкелі айналым кезінде 100 миллиард теңге шығын тіркелген.

«Ақтөбе - мұнайлы өңір. Барлығы 29 кен орнынан жыл сайын 6 миллион тонна мұнай, 7 миллиард текше метр газ өндіріліп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өндіріске жаңа технологияны енгізуді тапсырды. Алдағы 5 жылда кен орындары 60 миллиард теңге бағыттап, технологияны жаңартуы керек. Біз министрліктермен бірге үнемі тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Ақтөбе экономикасының 15 пайызы мұнай-газ саласында тиесілі. Бұл өндірісте 15 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал мұнай-газдың көлеңкелі айналымы бұл бюджет кірісінің азаюына әкеліп соғады, инвестициялық климат өзгереді. Негізі мұнай-газ ұрлығы сол саланың жұмысшыларымен, күзетшілермен байланысты болып тұр. Кейде бұрғылау жұмыстары тоқтап тұрған мұнай ұңғымасы дұрыс бекітілмей, ұрлық жасалады», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбедегі кен орындарында мұнай ұрлығы тоқтаған емес. Мәселен, Кеңқияқтағы кен орнында соңғы жылдары 9 мың тонна мұнай ұрланды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталып, 20 күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев форум кезінде заңсыз мұнай-газ тасымалдау фактісіне қатысты қылмыстық жауапкершілікті арттыруды ұсынды. Себебі, 200-300 АЕК көлемінде айыппұл салу жеңіл жаза саналады. Сонымен қатар, сұйытылған газға есептеу құралын қондырып, мұнай мен газдың қайдан шығып, қайда баратынын анықтау үшін Кеден кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы айтылды.

«Энергетика министрлігіне орталықтандырылған ақпараттар базасын құруды ұсынамыз. Ол жерде мұнайдың химиялық құрамы туралы анық жазылуы тиіс. Бақылаушы органдар осы дерек бойынша мұнайдың құрамын біліп, оның қайдан екенін анықтай алады. Жол-патрульдік полициясы, кеден, шекара қызметкерлеріне Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінің базасына кіру мүмкіндігі берілгені жөн. Бастысы, барлық мемлекеттік орган бірлесе жұмыс істеуі керек. Сол кезде нәтиже болады»,- деді Б.Сапарбаев. 

Соңғы жаңалықтар