Ақтөбеде мұнай мен газ өндірісі артады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтөбеде мұнай мен газ өндіру көлемі артады. Жоспар бойынша 6,2 миллион тонна мұнай мен 7 миллиард текше метр газ өндіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мұнай мен газ өндірісін арттыру туралы тапсырманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев берді.

«Біз нарықтың негізгі беталысы мен өңірдің әлеуетін үнемі талдап отырамыз. Экономиканың әрі қарай өсуі үшін барлық мүмкіндіктің бар екенін білеміз. Өндіріс орнының басшыларынан шығарылатын өнім көлемінің төмендеуіне жол бермеуді сұраймын. Бұл әсіресе мұнайшыларға қатысты. Жалпы, осы жылы құны 2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілуі тиіс»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жиын кезінде Б.Сапарбаев тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу, кәсіпкерліктің экспортқа бағдарланған субъектілерін қолдау, қазақстандық мазмұнды арттыру жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін атап өтті.

«Қазақстандық мазмұн бойынша өсім бар, бірақ ол жеткіліксіз. Ақтөбе облысында, Қазақстанның өзге облыстарында өндірілетін өнімді шетелден тасымау керек. Әзірге мен жақсы басқару жұмысын көріп тұрған жоқпын. Жүйе құрушы компаниялардың төңірегінде шағын және орта бизнес субъектілерін дамытудың серіктестік бағдарламалары тиімді жүзеге асырылмаған»,- деді әкім.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен жүйе құрушы кәсіпорындардың сатып алуындағы жергілікті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үлесі 49,1 пайызды құрады.

Айта кетейік, 2017 жылы облыс өнеркәсібі 5% өсіп, ақшалай 1,5 триллион теңгеге жеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар