Ақтөбеде мәйіттік донорға қатысты сот отырысына дін өкілдері шақырылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Серікболсын Көшербайдың қос бүйрегін алу дерегіне қатысты сот отырысына дін өкілдері шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында Серікболсын Көшербайдың қос бүйрегін алу дерегіне қатысты азаматтық іс қаралып жатыр. Марқұмның қарындасы Балдәурен Нұрлыбаеваның қорғаушысы Қатарбай Раисов сот отырысына дін өкілдерін қатыстыру туралы өтініш түсірді.

«Менің қорғауымдағы адамдар Ислам дінін ұстанады. Олар Серікболсын Көшербайдың бүйрегін алғанына қарсы, рұқсат бермеген. Басылымға «рұқсат алдық» деп жазып, халық арасында абырой-беделіміз түсірді деп есептейді. Бір айға жуық уақыт өтті. Басылым қателігін мойындап, түсініктеме беріп, ақпараттың жалған екенін жариялаған жоқ. Біз дәрігер Ерлан Сұлтангереевтің басылым арқылы кешірім сұрауын талап етеміз», - деді қорғаушы Қ.Раисов.

Айта кетейік, мәйіттік донор бойынша азаматтық іс №2 қалалық сотта қарала бастады. https://kaz.inform.kz/news/22-zhastagy-zhigittin-buyregin-ruksatsyz-algan-darigerler-sotka-kelmedi_a3037870 Кейін республикалық трансплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиев Ақтөбеге келіп, миы өлген адамның дене мүшелерін науқастарға салу үшін ешкімнен рұқсат сұрамайтындарын мәлімдеді. Заң бойынша адам тірі кезінде «донор болуға қарсымын» деп арыз жазбаса, миы өлген жағдайда дәрігер жедел шешім қабылдауға құқылы екен. Кейін Жақсылық Досқалиев Серікболсын Көшербай екі адамның өмірін құтқарғанын, өзі көңіл айтуға баруға дайын екенін жеткізген болатын. Марқұмның қарындасы Балдәурен Нұрлыбаеваның айтуынша, еліміздің бас трансплантологі Ж. Досқалиев марқұм Серікболсын Көшербайдың отбасына бармаған.

Соңғы жаңалықтар