Ақтөбеде қызметтік көліктерге мекеме атауы жазыла бастады

None
None
  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мемлекеттік мекемеге тиесілі қызметтік көліктерді енді есігінен тануға болады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті қызметтік машиналарға белгі жабыстыру жұмысын қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған шенеуніктерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті алғашқы рейд кезінде 20-ға жуық заңсыздықты анықтап, мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылған болатын. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшінің еңбегін асыра пайдалану, жұмыс уақытынан соң қосымша жүктеме беру тәртібі тексеріліп жатыр.

«Мемлекеттік көлікті пайдалану жөнінде тұрақты түрде рейд жүргізіп отырамыз. Біріншіден, мемлекеттік көлікті пайдаланғанда жолдама болуы керек. Қызметкерлер кешкілік, түнде де жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан арнайы бұйрық шығарылып, жолдама рәсімделеді. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын пайдалануды тексеріп жатырмыз. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын асыра пайдалану, 2-3 сағат ұстап отыру дұрыс емес. Тексеру жүріп жатыр. Жүйелі түрде Еңбек кодексінің талаптарын бұзған басшылар болса, тиісті жауапкершілікке тартылады»,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысы Қайыржан Тоқышев.

Айта кетейік, Ақтөбедегі мемлекеттік мекеме басшылары қызметтік автокөліктерге сол мекеменің атауын жазуды қолға алды. Себебі, қала ішінде түнгі уақытта жүрген көліктер ақтөбеліктердің сынына жиі ұшырайды. Әлеуметтік желі қолданушылары ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңын алға тартып, көлікті жеке мақсатта пайдаланушыларды анықтауды сұрауда. 

Соңғы жаңалықтар