Ақтөбеде коммуналдық қызметтің барлық түрі қымбаттады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде су, жарық, жылу, газдың бағасы қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында қаңтардан бастап коммуналдық қызметтің барлығы қымбаттады. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, баға 2016-2020 жылдарға арналған жоспарға сәйкес көтерілді. Дегенмен электр тоғы мен газ бағасы қарастырылған кезде кәсіпкерлерге басымдық беріліп, олардың бизнесі үшін жеңілдіктер жасалды.

«Қаңтар айында суық су 3 пайызға қымбаттады. Тұрғындар үшін ҚҚС есептемегенде 2 теңге 13 тиын қосылады. Ал өзге тұтынушылар үшін 9 теңге 7 тиынға өсті. Кәріз жүйесінің бағасы 7,3 пайызға көтерілді. Тұрғындар үшін 4,35 теңге, ал өзге тұтынушылар үшін 22,24 теңге қосылды. Ал жылу мен ыстық су бағасы тұрғындар үшін 10 пайызға өсті. Жарық таратушылар да бағаны көтеріп отыр. Олар тұтынушылар үшін тарифті 10 пайызға арттырды. Өзге тұтынушылар үшін 15 пайызға арттыру ұсынылды. Бірақ әкімдік пен электр станциясы арасындағы меморандумға сәйкес коммуналдық қызмет 10,7 пайызға көтерілетін болды. Ақтөбеде газ да қымбаттады. Тұрғындар үшін 8 пайызға өсіп отыр», - деді Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департамент басшысының орынбасары Нұрлан Болатбаев.

Айта кетейік, монополияға қарсы күрес қызметкерлерінің айтуынша, газ бағасы өзге тұтынушылар үшін 4 пайызға ғана қымбаттады. Бұл бизнесті қолдауға бағытталған жұмыс. 

Соңғы жаңалықтар