Ақтөбеде көлігімен екі баланың анасын мерт қылған взвод командирі сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жолды кесіп өтпек болған екі баланың анасын мерт қылған 24 жастағы әскери қызметкерге үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, 37 жастағы әйел 2017 жылғы қараша айында Ақтөбе-Орск тасжолында қаза болды. Ол кешқұрым жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан. Автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, онда жол белгілері болмаған. «Lexus ES 300» көлігін тізгіндеген жас жігіт оқиға орнынан қашып кетіп, кейін қайта оралған.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты Дархан Қабылқайға қатысты қылмыстық іске үкім шығарды.

Іс материалына сүйенсек, Дархан Қабылқай әлі пайдалануға берілмеген тасжолмен жүрген. Сот-медициналық сараптама кезінде жәбірленуші әйел травматикалық шоктан көз жұмғаны, бірнеше жерінен дене жарақатын алғаны белгілі болды.

Сот отырысы кезінде әскери қызметкер тағылған айыпты мойындап, кешірім сұрады. Ол адамды қағып кеткенін біле тұра, көлікті тоқтатпай, жүріп кеткен. Кейін адамдардың жиналғанын байқап, жаяу кері барған. Сот отырысы кезінде жәбірленуші тарап кешірім берді. Әрі келтірілген материалдық-моральдық шығын толық өтелгенін айтты.

Дархан Қабылқай Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы», «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» баптары бойынша айыпты деп танылып, оған түпкілікті түрде 2 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол 2 жыл 6 ай көлік басқару құқығынан айырылды. 30238 әскери бөлімінің взвод командирі Д.Қабылқай «лейтенант» әскери шенінен де айырылды.  

Сот үкімі күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар