Ақтөбеде киік мүйізін тасымалдаған Өзбекстан азаматы ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде киік мүйізін тасымалдаған Өзбекстан азаматы ұсталды. «Браконьер» алдын алу шарасы кезінде заңсыз шаян тасымалдаушыларға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Браконьер» алдын алу шарасы өтіп жатыр. Бір күн ішінде заңсыз балық аулап, аң атқандар ұсталды. Ақтөбе облыстық Жергілікті полиция қызметі, табиғатты қорғау полициясы «Газ» автокөлігін тоқтатып, Өзбекстан азаматына тиесілі сөмкеден 4 дана киік мүйізін тәркіледі.

«Киік мүйізін заңсыз тасымалдау дерегіне қатысты Қылмыстық кодекстің «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бабы бойынша іс қозғалды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол айыппұл төлейді немесе үш жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырылады»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз жетекшісі Нұргүл Қонақбаева.

Сонымен қатар, Ақтөбедегі жол-патрульдік полициясы ротасының қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған «ВАЗ - 21140» автокөлігін тоқтатып, 100 келі шаян тәркіледі. Шаян тасымалдаушы айыппұл төлейді.

Соңғы жаңалықтар