Ақтөбеде кейбір әкімдер мемлекеттік бағдарламалардың атауын да білмейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 1,3 миллион теңге игереді. Дегенмен шалғай ауыл әкімдері мемлекеттік бағдарламалардың атауымен де таныс емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында кәсіпкерлік басқармасы өткен жылды қорытындылап, 2018 жылдың жоспарымен бөлісті. Биыл «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,3 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаржы шағын және орта бизнесті дамытуға, инфрақұрылым тартуға бағытталады.

«Өткен жылы барлығы 21 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктер арқылы 430 миллиард теңге несие берілді. 2016 жылмен салыстырғанда бизнеске берілген несие 58 пайызға артып отыр. Бұл несие алу кәсіпкерлерге тиімді екенін білдіреді. Республика бойынша Ақтөбе үздіктердің қатарына ену тиіс. Дегенмен облыстар арасында өткен жылы 9 орында қалды. Бұл дұрыс емес. Бізде жұмыс істеп тұрған бизнес субьектісінің саны азайды, сәйкесінде шығарылған өнім қысқарды. Салық түсімі төмендеп кетті. Бизнесті тексеру көбейіп кетті. Нәтижесі жақсы емес»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбедегі көрсеткіштің төмендеуіне сотқа арызданушы кәсіпкерлер санының артуы да себеп болды. Соңғы жылы бизнес иелерінің арызы 15 пайызға артқан. Олардың мүддесін облыстық кәсіпкерлер палатасы қорғап жүр. Жиын кезінде облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс іске асырылмауына аудан, ауыл әкімдерінің де кері әсері бар екенін жасырмады.

«Кейбір әкімдер мемлекеттік бағдарламаның атауын білмейді. Олар атауын білмесе, маңыздылығын түсіндіре алмайды. Сондықтан әкімдерге «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені түсіндірілді. Жаңа мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау туралы айтылды. Бір айта кетерлігі, адамдардың көбі грант алуға күш салады. Грант тек бизнес жоспары бар адамға беріледі. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында тәлімгер жас кәсіпкерді тәрбиелейтін болады. Біз 60 жобаны таңдап алып, оларға тәлімгер беріледі. Олар үш кезеңнен өтеді. Соңында 15 жеңімпаз анықталып, оларға облыс әкімінің 3 миллион теңге грантын бұйырады»,- деді Анар Даржанова.

Соңғы жаңалықтар