Ақтөбеде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар дәріні уақытылы жеткізуді сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер бүгін дәрігерлермен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күнінде дәрігерлермен кездесу өткізілді. Қазіргі күні өңірде қатерлі ісік анықталған науқастар бірден Ақтөбе облыстық ауруханасына жіберіледі. Бұл науқастардың бір емханадан, екінші ауруханаға барып, уақыт жоғалтпауына септігін тигізеді. Онкологтардың қабылдаған бұл шешімі бойынша арнайы маршрут әзірленді.

«Онкологиялық ауру анықталған кез келген адам Ақтөбе облыстық медицина орталығына жіберіледі. Ол жерде 3-7 күн аралығында МРТ, КТ жасалып, тексеру мен анализдерді зертханаға жіберу жалғасады. Аудандардан келген науқастар үйіне қайта оралып, жолдама әкелу мәселесімен жүрмейді. Бұл жұмысты арнайы дәрігерге жүктелген. Бұл маршрутты бұзған адамдар арнайы жауапкершілікке тартылады. Емнің бәрі тегін жүргізіледі»,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Ақтөбе облысы бойынша обыр дертіне шалдыққан адамдар саны артты. Өткен жылы 1600-ден астам адамнан обыр дерті анықталды.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті, онкология кафедрасының меңгерушісі Әріп Қойшыбаевтың айтуынша, өкпе, сүт безі, асқазан, тері ауруының қатерлі ісігі жиі тіркелген. Әсіресе, Ақтөбе қаласы, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандарынан жиі анықталды. Ең маңыздығысы - қатерлі ісікті ерте анықтау. Себебі, дерт неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу мүмкіндігі жоғарылайды. Өңірде осы бағытта медициналық қызметкерлер арнайы курстарға жіберілді. Медициналық университет мамандары аудан, ауылдан келген дәрігерлерге дертті анықтау жолдарын үйретті. Жиынға қатысқан науқастар емге қажетті дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмегеніне алаңдады.

«Менің анамнан 2016 жылы қатерлі ісік анықталды. Сүт безі дертінің ІІ деңгейі болды. Ал 2017 жылдың жазында өкпе метастазасы белгілі болды. Алғашқы белгі анықталған кезде жан-жаққа хабарласып, сұрап, зерттеу жүргіздік. Өткен аптада ғана дәрігермен кездесіп, дәрінің жеткілікті екенін білдік. Ал бүгін 5 ақпан күні бізге қажетті дәрінің жеткізілмеуі мүмкін екенін білдік. Дәрі тапшылығын жоюды сұраймыз»,- деді ақтөбелік тұрғын Лаура Мырзабаева. 


Ал дәрігерлер онкологиялық ауруларды емдеуге қажетті дәрінің бір бөлігі әлі жеткізілмегенін растады. Кездесу кезінде сүт безі дертіне шалдыққан Салтанат Абдуллина алдымен емханалардағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру қажет екенін айтты. «2017 жылдың қазан айында обыр дерті анықталды. Бір жыл бұрын учаскелік дәрігерлер барып, омырауымда өзгеріс бар екенін айтқанымда олар мән бермеді. Ал өткен жылы маммологқа жолдама беруді сұрадым. Анықталды, ем жүргізу басталды. Сондықтан бұл жерде дәрігерлердің біліктілігін арттыруды сұраймын»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар