Ақтөбеде қарттар үйінің тұрғындарын білікті дәрігерлер медициналық тексеруден өткізді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйінің тұрғындары невропатолог, кардиолог, көз дәрігерлерінің қабылдауында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйінің тұрғындарын Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің профессорлары қабылдады. Көз дәрігері мен невропатологқа, кардиолог дәрігерлеріне қаралған қариялар өте көп. Олардың анықтамалық кітапшасы арнайы алынып, науқастың тарихы қаралып, дәрігерлер кеңестер берді.

null 

«Қарттар үйіндегі емханада дәрігерлер бар. Біз тексеру жүргізіп, қажет кезде қала ішіндегі дәрігерлердің қабылдауына апарамыз. Портал арқылы ауруханаға жатады, ем қабылдайды. Егер оқыс жағдай болса, жедел жәрдем шақырамыз. Қарттар үйінің тұрғындары үшін мұндай медициналық тексеру өте пайдалы. Білікті дәрігерлер мен медицина ғылымдарының доктор, профессорларына бару, қабылдауына кіру қиын, кейде мүмкін емес. Сондықтан біз осы сәтті тиімді пайдаланып, тұрғындардың шағымымен нақты диагнозын біліп аламыз», - деді қарттар үйінің дәрігері Гүлмира Махамбет. Оның айтуынша, мұнда жүрек-қан тамырлары ауруы, көз, буын аурулары жиі кездеседі.

«Дәрігерлер келіп, ем жүргізіп жатыр. Бұл өте сәтті болды. Менің көзім ауырады, бауыным сырқырайды. Кеңес берілді. Өзім қарттар үйіне 8 ай бұрын келдім. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының орталығында тұрдым. Зейнетке шықтым, жалғыз қалдым. Өмір бойы жүргізуші болып, тынбай еңбек еттім. Ал қазір тағдырдың жазуымен қарттар үйін паналап отырмын. Бәрі ұнайды, күтіміміз жақсы», - деді Сағынғали Әбуов. Ол алдағы күндері жұмыс істеп, аула сыпарып, көмек көрсетуді жөн көреді. Өзі жас кезінде жеңіл атлетикамен шұғылданған. Жаттығу залына барып тұрады. Велосипед мініп, шаңғы тепкенді ұнатады.

null  

«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында дәрігерлердің қабылдауын ұйымдастырып, кейін «Жас Отан» жастар қанаты концерт қойды.

«Ақтөбеде «Қарттарым, аман-саумысың» акциясы өтіп жатыр. Біз зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне көмек көрсетіп, аула ішін тазалауға, үй шаруашылығына көмек көрсетеміз. Бұл жастарға үлгі боларлық іс. Біз әрдайым қарттарымызға құрмет көрсетуіміз керек. Олардың әрқайсысы ел дамуына үлес қосып, өз заманында еңбек етті, бізді бүгінгі күнге жеткізді. Жастар өз алғысын қамқорлығымен жеткізіп жатыр», - деді «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиал төрағасы Асылжан Бүркіталин.

null 

Соңғы жаңалықтар