Ақтөбеде иесіз қалған мұнараны бөлшектеп алуға әкімдіктің күші жетер емес

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қарғалы ауылдық округінің тұрғындары қатты жел соққан күні ұйықтамайды. Себебі, иесіз қалған 35-40 метрлік мұнара құлайын деп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылдық округінің тұрғындары бірнеше жылдан бері әкімдіктен көмек күтіп жүр. Бірақ екі үйдің ортасындағы мұнараны қиратуға қарапайым адамдардың ғана емес, әкімдіктің күші жетер емес.

«Біздің үйіміздің жанында иесіз мұнара бар. Металды құрастырманың баспалдағы бар, жоғарғы жағында темір құрылғы тұр. Жанында жоғары вольтты электр тоғы, газ құбыры тұр. Үйіміз де соның іргесінде. Осыдан 10 жыл бұрын әкімдік мұнарадағы сымның бәрін алып, қиратуға дайындап еді. Кейін жұмыс тоқтап қалды. Қатты жел соққан күні Аллаға сыйынып, ұйықтамай шығамыз. Егер үйімізге құласа, бәріміз мерт боламыз. Мұнараны қирату үшін міндетті түрде бір қайғылы жағдай болуы керек па? Бізге көмектесіңіздерші», - дейді Қылышбай Отжағар.

Қарғалы ауылдық округіне жауапты әкім Алмас Әлімбаев тұрғынның сауалына жан-жақты жауап берген. Бірақ әкімдік мұнараны қирата алмай, қала әкімдігінен көмек сұраған.

«Әкімдік тарапынан Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар департаментіне мұнараны бөлшектеп алуға көмек сұрағанбыз. Бірақ жауапта мұнараны алуға техникалық мүмкіндік жоқ екенін хабарлады. Сонымен бірге Ақтөбе қаласының әкімдігіне де хат жолданды. Осыған орай мұнараны тиісті жағдайға келтіретін немесе бөлшектеп алатын иесі табылмауына байланысты бұл жұмыстарды атқаруға Қарғалы ауылдық округінің мүмкіндігі жоқ екенін хабарлаймын», - деп жазылған ауылдық округ әкімі Алмас Әлімбаевтың жауабында. 

null 

Соңғы жаңалықтар