Ақтөбеде хром қосындылары зауытының өніміне ішкі нарықта сұраныс аз

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе хром қосындылары зауытында ұжымдық кездесу өтті. Зауыт басшысы Алексей Химичтің айтуынша, өнімнің басым бөлігі алыс шетелге сатылады, ал ішкі нарықта сұраныс аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында кезекті ұжымдық кездесу өтті. Калий, натрий биохромиті секілді бірнеше химиялық заттарды шығаратын зауытта 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Биыл тағы 68 адамды жұмысқа қабылдап, өндіріс көлемін сақтап қалуға уәде беріп отыр. 2018 жылға 100 келісімшарт жасалды. Шамамен 100 мың тоннадан астам өнім шығарылса, оның басым көпшілігі Жапония, АҚШ секілді дамыған мемлекеттерге жөнелтіледі. Мұндағы Қазақстан сұранысы  948 тоннаны құрап отыр.

«Біздің басты қиындығымыз, кемшілігіміз, ішкі нарық сұранысы тым аз. Өңделген өнімнің бәрі шетел асып жатыр. Сонымен қатар, шикізат бағасы әлем нарығымен теңестіріліп, доллармен сатылады. Өткен жылы 1 тонна шикізатты 339 долларға сатып алдық. «Восход Ориел» компаниясы бағаны өзгертіп, кейбір сатып алушылар өнімімізден бас тартып отыр. Бірақ өндіріс көлемі сол күйі сақталды», - деді «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Химич.

2018 жылы зауытқа 2 миллиард теңге инвестиция салып, өндірісті жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ұжыммен кездесу кезінде экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында атқарылатын жұмыстар кестесін білді.

«Зауыт ресейлік жаңа технологияларды енгізіп, қаладағы жағымсыз иісті жою үшін жұмыс істеуі керек. Зауыт маңындағы ауылдарда 600-ден астам отбасы тұрады. Үкіметке ауыл тұрғындарын көшіру туралы ұсыныс айтылды. Бұл оңай жұмыс емес. Осы істі шешу үшін Ақтөбе хром қосындылары зауыты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты көмек беруі қажет деп есептейміз», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ал жергілікті билік өз тарапынан кәріз суын төгу станцияларын жаңартып, үш бекетті ашты. Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірге суды тазарту құрылғысы да қондырылады. Ал көліктер сұйытылған газбен жүреді.

Кездесу кезінде облыс әкімдігі, кәсіподақ пен зауыт басшылығы үшжақты меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес жұмысшылардың жалақысы өсуі тиіс.

«Зауытта жалақы 10 пайызға дейін көтерілуі керек. Қазір өңірдегі кез келген өндіріс, шағын және орта бизнеске осы талапты қойып отырмыз», - деді Бердібек Сапарбаев. 

null null 

Соңғы жаңалықтар