Ақтөбеде ғасыр жасаған әжелерге сый-құрмет көрсетілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жасы 100-ден асқан 11 әжеге құрмет көрсетілді. Олардың басым бөлігі Ақтөбе қаласында тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ғасыр жасаған әжелерді құттықтады. Өмірі өнегеге толы, қайратты қариялар өздеріне сый жасаған партия қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ақтөбе қаласында тұратын Жақыбай Бисенғалиева да үлкен әулеттің қорғаны, тірегі. Қария қазір 103 жаста. Ол Ақтөбе облысы, қазіргі Хромтау ауданы, Қызылсу ауылындағы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ойы зерек, білімге құштар болған Жақыбай Бисенғалиева хат танығанымен, ауылда молда болмады. Сөйтіп оның талабы орта жолдан кесілді. Ал 30-жылдары ауылға орыстар қоныстанып, қарапайым тұрғындар жер жыртып, көкөніс еге бастады. Анасы науқас, әкесі отбасын өзі асыраған кезде Жақыбай әже де қарап қалмады. Үйдің бар ауыртпалығын көтеріп, таңнан кешке дейін еңбек етті. Бауырларына қамқор болып, олардың аяқтанып кетуіне көмектесті. Сөйтіп өзі кеш тұрмыс құрды. Отағасы Ғабит Бисенғалиев қызметте болды. Жас отбасының бұл қуанышы ұзаққа созылмай, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті.

«Соғыс басталып, күйеуім Ғабит маған отбасыма қайта оралып, қан майданнан келгенше ата-анамның жанына баруымды сұрады. Бірақ бұл ұсынысқа келісімімді бермедім. Себебі, ұзатылған қыз ауылына қайта бару ұят. Сол жылдары ауылда бала-шаға, қария қалды. Белді бекем буып, өзім кітапханаға жұмысқа тұрдым. Бұрын әріп танып, оқуға мүмкіндік болмаған соң бәрінен қол үзген едім. Жаңа жұмыс маған мүмкіндіктер сыйлап, ой-танымымды кеңейтуге септігін тигізді»,- деді Жақыбай әже.
null

Көп ұзамай ауылдың жағдайы нашарлап, бәрі майдан үшін еңбек етті. Жақыбай әже де сол кезде трактордың рөліне отырды. Сөйтіп қыс айларында малға шөп тасыды. Өткен күндерін еске алған қария қуаңшылық жылдары кезінде өзен жағасындағы қамысты орып, оны тұздап, малға азық еткенін айтып берді.

«Мен сауыншы болып та еңбек еттім. Бір адам күніне 30 сиыр саууға міндетті болды. Сол жерде 9 жыл бойы еңбек етіп, зейнетке шықтым. Біздің үш баламыз болды. Қазір біреуі жанымда. Өзімді немерем бағып отыр. Мен мүлікке, жақсы өмірге, байлыққа қызыққан емеспін. «Еңбектің наны тәтті» деген қағиданы ұстанып, заманның ағымымен жұмыс істей бердім. Біз секілді жандардың бір тілегі бар. Ол - елдің амандығы, бірлігі, тыныштығы»,- деді ғасыр жасаған әже.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мерекеде Анна Гецко, Бақыт Абигова, Евдокия Бондаренко, Ұлмекен Кусупова, Айжамал Мырзағалиева, Айбала Назарова, Жұпар Сатаева, Зиба Келімбетова, Айғаным Сүйінішбекова, Сапура Абдуллинаны құттықтады.

Соңғы жаңалықтар