Ақтөбеде физика мен математика мұғалімдерінің көбі зейнет жасына жақындап қалған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында физика, математика пәндерінің мұғалімдері тапшы. Сонымен қатар, орыс тілі пәнінен сабақ беретін мамандар аз, деп хабардайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Қайшығұлованың айтуынша, Ақтөбе облысы бойынша педагогтар тапшылығы бар. Мемлекеттік аттестациядан өткен мектептер бойынша өңірдегі 75 мектепке әлі де 200-ден астам маман қажет екен. Облыс орталығындағы №26 мектепте 7 маман өз саласы бойынша білім алмай, сабақ беріп жүр. Ақтөбе үшін орыс тілі пәнінің мұғалімдері тапшы.

«Қазағы басым Байғанин, Ырғыз аудандарында орыс тілінен сабақ беретін мұғалім аз. Ол ауылдың жастары бұл салаға барып, білім алған емес. Бұл бірнеше жылдан бері байқалып келе жатқан үрдік. Сонымен қатар, физика, математика пәндерінен сабақ беретін ұстаз аз. Бұл екі пән бойынша сабақ беретіндердің көбі зейнет жасындағы ұстаздар», - деді Ж.Қайшығұлова.

Талапкерлер де мұғалімдік мамандықты немқұрайлылықпен таңдайды екен. 

«ҰБТ кезінде ең төменгі балл жинаған балалар жоғары оқу орындарын таңдағанда тізімнің соңына педагогиканы жазады. «Мұғалім бола салайыншы» деген оймен келеді. Қазіргі кезде мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Көбі жұмысы қиын, айлығы аз деген себептер айтады. Алдағы уақытта біз осы кемшіліктерді жою жұмыстарын қолға алуымыз керек», -  деді Ж.Қайшығұлова.

Соңғы жаңалықтар