Ақтөбеде ерекше дарынды балаларға арналған интернат ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Сымбат» физика-математикалық мектебінен ерекше дарынды балаларға арналған интернат ашылды. Интернаттың салтанатты ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысы, деп хабарлайды «Ақтөбе ақпарат» Ақпарат орталығы.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз білім саласына ерекше назар аударып отырмыз. Тек ағымдағы жылдың өзінде өңірде 12-ден астам мектеп ашылды. Тағы 3 мектеп жыл соңына дейін есігін ашады. Біздің мақсатымыз өңір балаларының сапалы, қолжетімді білім алуына мүмкіндік жасау»,-деді Б.Сапарбаев.

Жоғары сыныптағы 100 оқушы тұратын ғимараттың жалпы көлемі 1,4 мың шаршы метр. Интернет бірінші кезекте ауылдық жерлердегі дарынды балалардың білім алуына мүмкіндік беру үшін ашылды. 85 бала білім беру тапсырысының аясында оқыса, 15 оқу грантын мектептің құрылтайшылары ұсынады.

Бүгінгі таңда бұл Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік аясында қолға алынған жалғыз жоба.

«Интернатта математика, логика, ағылшын тілі сияқты пәндер бойынша етихан тапсырған және кеңестен өткен балалар облыстардың барлық аудандарынан келеді. Небәрі 100 орынға 760 бала үміткер болды. Конкурстық таңдаулар ата-аналардың және оқытушылардың қатысуымен ашық режимде өтті. Бұл жерде балалардың алаңсыз білім алып, оқулары үшін барлық жағдайлар жасалған»,-деді мектеп директоры Берік Оразов.

Балалардың денсаулықтарын нығайту мақсатында интернат жанынан спорттық база салынған.

Соңғы жаңалықтар