Ақтөбеде ең сұлу сәйгүлік анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі ипподромда бүгін ең сұлу сәйгүлік анықталды. Сайысқа қатысқандар өз-өзін таныстырып, ат үстінде өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер бүгін ерекше оқиғаның куәгері болды. Олар асыл тұқымды, бәйге, көкпар, теңге ілу, қыз қууға арналған аттардың жүрісі мен шабысын тамашалап, шабандоздардың шеберлігін көрді.

«Халықты атшабарға жинау, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыру үшін шара ұйымдастырамыз. Өткен аптада тай жарыс, көкпар болса, бұл аптада сұлу сәйгүлік таңдалды. Бұл жерде ат, аттың сұлулығы, шабандоздың киімі мен ат әбзелдері сарапқа салынады. Әрі әр қатысушыға өз өнерін көрсету талабы қойылды. Төрешелердің қатарында атбегілер Жәнібек Әлішов, Асылбек Қалдин бар. Сайысқа қатысқандардың басым бөлігі ат спорты мектебінің балалары мен сәйгүліктер. Жеке ат бағып отырғандар да қызығушылық танытып, халыққа жақсы көңіл күй сыйлады», - деді Ақтөбедегі ұлттық спорт түрлері бойынша балалар және жасөспірімдер мектебінің директоры Бақтияр Төлеуов.

null 

Сайысқа 15 ат қатысты. Аттың жетекшілері ҚР спорт шебері Абат Аймағамбетов, Амандық Қарабаев, Тимурхан Иманғалиев, Мейрамбек Әлиев, Шыңғыс Ержанов, Нұрлан Додай, Азамат Серғазин.

null 

Ал ат үстіндегі шабандоздардың барлығы ат спорты мектебінде бірнеше жылдан бері тәрбиеленіп жүрген балалар мен жасөспірімдер. Жарысқа бір ғана қыз қатысты. Ол Ақтөбедегі ат спорты мектебінде де қыздардан жалғыз өзі жаттығады.

null 

«Мен ат спорты мектебіне 1,5 жыл бұрын келдім. Қаланың қызымын, бұрын атқа мініп көргенім жоқ. Қазір колледжде оқимын, мамандығым есепші. Бір-біріне сәйкес келмесе де аттан ұзап кеткім келмейді. Арманым сұлу сәйгүлік сатып алу, күтімін жасау. Өз жаныма қыздарды шақырдым. Бірақ қала қыздары келмеді. Қазір мектепте қыздардан жалғыз өзім жаттығамын. Аптасына 2-3 рет кетіп, уақытымда ат үстінде өткіземін. Сайыста қыз қууды көрсеттік. Халық өте жақсы қабылдап, суретке түсіп жатты», - деді сайысқа қатысушы Үміт Бұрымбаева.

null 

Сайысқа 4-8 жас аралығындағы сәйгүліктер қатыстырылды. Нұртілек, Мираж, Ақшыл күрең, Қозы күрең, Ақшыл күрең қасқа, Мақпал қара, Тайбурыл, Еркемай торы, Айшын торы, Найзағай, Алтын торы, Құлагер, Ардакүрең, Алтын қазық лақап аттарымен көкпар, бәйге, теңге елу, жамбы ату, көкпарға бапталған сәйгүліктер қатыстырылды.

null 

Сайыс кезінде Нұрлан Додай жетекшілігіндегі Найзағай мен Алтын торы ең сұлу сәйгүлік деп танылды. Екінші орында Абат Аймағамбетовтың Нұртілек, Мираж аты, үшінші орында Темірхан Иманғалиевтің Арғын күрең қасқа, Мақпал қара аттары келді.

null 

Ақтөбе қалалық спорт басқармасы арнайы грамотамен және ақшалай сыйлықпен марапаттады.

null null null 

Айта кетейік, келесі аптада ипподромда асау үйрету өтеді. 

Соңғы жаңалықтар