Ақтөбеде еліміздің тұңғыш Әділет министріне ескерткіш орнатылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бірінші Әділет министрі Нағашыбай Шәйкеновке ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылуына мемлекет қайраткерінің тума-туыстары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нағашыбай Шәйкенов тәуелсіздік алған жылдар ел заңнамаларының қабылдануына үлес қосқан қайраткер. Ол әр жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі, Әділет министрі, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарып, Қазақстандағы құқықтық реформаның авторы атанды. Ақтөбедегі Мәншүк Мәметова мен Нағашыбай Шәйкенов көшелерінің қиылысында бүгін мәдени шара өтті. Қоғам қайраткеріне ескерткіш орнатылды.

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин, Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина, Нағашыбай Шәйкеновтың жұбайы Лидия Шайкенова қатысты.

«Мемлекет басшысы тәуелсіздікті алу қиын, бірақ оны сақтап қалу одан да қиын екенін үнемі айтады. Нағашыбай Шәйкенов секілді саяси қайраткерлердің арқасында біз егемендігімізді сақтап қана қоймай, нығайта да алдық. Оның өмірі мен қызметі өскелең ұрпаққа жарқын үлгі болуы тиіс. Біз Нағашыбай Шәйкенов көшесіндегі ескерткішті аша отырып, оның еңбегіне құрмет көрсетеміз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ал Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина қоғам қайраткерінің заң реформаларын дамыту, заң мамандарын дайындаудағы үлесі туралы айтып берді.

«Нағашыбай Аманғалиұлы еліміз тәуелсіздік алған кезде құқық саласына зор еңбек сіңірді. Бүгінгі жетістігімізде қоғам қайраткерінің үлесі бар. Ол білікті кадр дайындап, құқық саласының дамуын жетілдірді», - деді Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина. 

Соңғы жаңалықтар