Ақтөбеде электронды қызмет көрсетуге кедергі келтіретін екі негізгі фактор анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде мемлекеттік қызметтің үйде, кеңседе отырып алуға болатын мүмкіндіктері түсіндіріліп жатыр. Бірақ жасы ұлғайған адамдар әлі де қағазға сенім артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат жетекшісі Саян Ахметжанов келді. Мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан соң мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Қазіргі кезде елімізде 746 мемлекетік қызмет бар болса, Ақтөбеде 400-ге жуық қызмет көрсетіледі. Оның тең жартысын үйден шықпай, кеңседе отырып алуға мүмкіндік бар. Уақытты жоғалтпай, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай, интернет арқылы бәрін тындыруға болады. Бірақ цифрландыруды іске асыруға екі фактор кері әсерін тигізіп тұр.

«Қазіргі кезде ауылдағы интернет жылдамдығы өте төмен. Сондықтан электронды қызметке жүгінетіндердің қатары аз. Екіншіден, адамдар компьютер тілін білмейді, олар электронды қолтаңба алып, бәрін үйде отырып тындыруға болатынын түсінбейді. Жасы үлкен адамдар әлі де мемлекеттік мекемеге барып, анықтама алып, сұраған органға тапсырғанды жөн көреді. Оларға портал ресми сайт, жеке кабинетке кіріп, қызмет түрін тегін пайдалануға болатынын айтып түсіндіру қиын. Біз сараптама жасап, аудан әкімдерінен «неге электронды түрде қызмет көрсетпейсіздер» деп сұрадық. Олар интернет жылдамдығы жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отырғанын алға тартып отыр»,- деді Илья Пак.

Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбеде дәрігерлерге арнайы қосымшаны жүктеп, электронды түрде жазылуға болады. Бірақ бұл қызметті пайдаланып отырғандар да аз. Сондықтан мекемелерде мемлекеттік қызметті электронды түрде алуға болатынын түсіндіретін арнайы бұрыштар ашылды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбедегі емханада мобильдік қосымшаны түсіндіру, жарнамалау жұмыстарына медициналық колледж, университет студенттері жұмылдырылған болатын.

Дәл осындай бұрыштар қызмет көрсету орталықтарында бар.
null null  null null 

Соңғы жаңалықтар