Ақтөбеде бойжеткенді көлігімен қағып өлтірген студент сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 19 жастағы Сюзанна Гамидованың өліміне себепкер болған Сезім Самұратқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойымен келе жатқан Сезім Самұрат жанына жақындаған көліктен қорқып, рөлді оңға қарай кенет бұрған. Сол кезде саябақта серуендеп жүрген Сюзанна Гамидова мен Мақсұт Анапинді қағып кетті. Оқиға орнында Алматыдан Ақтөбеге бір аптаға келген Сюзанна Гамидова қаза болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сезім Самұрат жылдамдықты асырып, сағатына 91 шақырыммен жүрген. Сот залында ол қаза болған Гамидованың туған-туыстарынан, анасынан кешірім сұрады. Іс материалдарына сүйенсек, қаза болған бойжеткен бас-ми жарақатын алған. Бас сүйегі сынып, көп қан кетуден көз жұмды.

Сотталушы Сезім Самұрат бүгін сотта соңғы сөзін айтып, тағы да кешірім сұрады.

«Мен әдейі жасаған жоқпын. Жеңіл жаза тағайындауыңызды сұраймын. Жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Олар маған кешірім берді», - деді Сезім Самұрат.

Көп ұзамай сот үкімі шықты.

«Сезім Самұрат Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша айыпты деп танылып, 2 жыл 6 айға бос бостандығанан айыру жазасы тағайындалсын. 5 жылға көлік басқару құқығынан айырылсын. Қылмыстық кодекстің «Шартты түрде соттау» бабымен бас бостандығынан айыру жазасын шартты деп тануға қаулы етемін»,- деді судья Динара Гильманова.

Сотталушы Сезім Самұрат жаза мерзімін өтегенше тұрғылықты мекен жайын, оқу орнын ескертусіз өзгертпейді. Көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынды.  

Соңғы жаңалықтар