Ақтөбеде биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтөбеде балалар жылы жарияланды. Бұл туралы Ақтөбе облысының активінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы активінде Елбасы Жолдауы талқыланды. Жиынға облыс, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйым, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Өңірдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерін атап өткен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өткен жылы 437 миллиард теңге инвестиция құйылғанын атап өтті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Биыл инвестиция 500 миллиард теңге болуы керек. Барлық мүмкіндіктер бар, инвесторлармен келісім жасалды.

«Мемлекет басшысының Жолдаудағы 10 міндетінің орындалуы адами капиталға байланысты. Білім саласында атқарылып жатқан істер мол. 2020 жылға дейін балалардың бәрін бақшамен қамтамасыз ету керек. Қазір Ақтөбе облысы бойынша балабақшамен қамту деңгейі 94 пайызға жетіп тұр. Биыл мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында балабақша салу жұмысын жалғастырамыз. Ал үш ауысымда, апатты жағдайдағы мектептер 2020 жылға дейін жойылады. Өткен жылы 15 мектеп пайдалануға беріліп, биыл 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылау кезінде өңір басшысы биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланғанын айтты.

«Биыл Ақтөбеде балалар жылы деп жарияланды. «Бақытты балалық шақ» атты жұмысымыздың қорытындысы Балаларды қорғау күні жарияланады. Балалардың өнер, мәдениет, спортпен айналысып, білім алуы үшін не атқарылған қараймыз. Кәсіпкерлермен бірге аула клубын, ойын алаңын салу жұмысы атқарылады. Кәсіпкерлер қолдайды, балаларға барлық жағдай жасалады. Сол кезде тәртіп болады, қылмыс азаяды»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар