Ақтөбеде балаларды шіркеуге заңсыз шақырғандар айыппұл төледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде балаларды заңсыз шіркеуге шақырып, кітап таратқан бірлестік басшысына айыппұл салынды. Мектеп басшылығы діни жоралғыға шақырғандар туралы айтып, облыстық дін істері басқармасынан көмек сұраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы №1 орта мектеп басшылығы облыстық дін істері басқармасынан көмек сұраған. Себебі, мектепте білім алып жүрген 10-11 жастағы оқушылар ата-анасынан рұқсат сұрамай, жасырын шіркеуге барған. Іс материалын қараған басқарма инспекторлары «Рождество мерекесіне барған балалар діни жоралғы өтетітін білмеген» деп қорытынды шығарды. Тіпті олар лагерьге сыйлық аламыз деген оймен барған.

Тексеру нәтижесінде балалар діни шараға қатысып, оларға әдебиеттер таратылғаны анықталды.

«Балалар бірнеше рет шіркеуге барған. Бұл жайттан оқушылардың ата-аналары бейхабар. Рождество мерекесінен соң балалардың бірі астан уланып, бәрі сол кезде анықталды. Ата-аналар өздерінің діни көзқарасына жат бірлестікке барып жүрген балаларының ісіне, оларды шақырған шіркеуге наразылықтарын білдірді. Сондықтан Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша жауапқа тартылды. Заң бойынша кәмелет жасқа толмаған баланың ата-анасы, заңды өкілі қарсы болса, оны діни жоралғыға қатыстыруға болмайды»,- деп хабарлады облыстық дін істері басқармасының инспекторы Арсен Хасен.

Айта кетейік, облыстық дін істері басқармасы әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасын толтырып, іс сотқа жіберілді. Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты діни бірлестік басшылығын жауапқа тартып, 120 мың теңгеден астам айыппұл салды. Іс қайта қаралғанымен, шешім өзгеріссіз қалды.

Соңғы жаңалықтар