Ақтөбеде азық-түлік өнімдерінен санитарлық бұзушылықтар анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өткен жылы санитарлық талаптарды бұзған отандық тамақ өндірушілер анықталып, олардың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 2017 жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Өткен жылы бір кондитер цехы, қоймалар мен дүкен, базар, тіпті, мейрамхана жұмысын уақытша тоқтатты. Санитарлық талапты бұзғандарға 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

«Азық-түліктің сапасын тексеру үшін базардан тауар сатып алу қиын. Себебі, оларда арнайы аппарат болмайды, чек берілмейді. Ал мемлекеттік мекеме тауарды сатып алып, оның сапасын тексеруі үшін аппараты бар дүкендерді іздейді. Кассалық аппарат мәселесін Мемлекеттік кірістер департаментіне айтып, жұмыс жүріп жатыр. Заңбұзышылықтардың көбі таңбалауда тіркеледі. Техникалық регламент бойынша шығарылған мерзімі, сақтау уақыты, өндірушінің атауы, мекенжайы жазылмайды, мемлекеттік тілде атауы көрсетілмейді»,- деді Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Өткен жылы санитар мамандар барлығы 1634 тауарды сатып алып, тексерген.

«Отандық өндірушілердің ішінде сүт және сүт өнімдерін шығаратын ақтөбелік «Агрофирма Тау» ЖШС, қостанайлық «Лидер-2010» ЖШС, астаналық «МЗ Столичный» ЖШС бар. Ал Ақтөбедегі «Анвар» ЖШС-де ет өнімінен ішік таяқшасы анықталды. Сонымен қатар, құс етін өндіретін «Көктас Ақтөбе», Солтүстік Қазақстан облысының «ПСХ» ЖШС тауары сынамаға сәйкес келмеді. Ресейдің «Желен» ет комитнатының өнімі, балық өнімдерін сататындардың «Гринадини» ЖШҚ-ның тауары және Краснодар қаласынан жеткізілген «Дары моря» пастерленген түйіршікті қара және қызыл уылдырығы талапқа сай келмеді»,- деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Сондай-ақ атап өтілгендей, Қостанай, Солтүстік Қазақстаннан жеткізілген сүт өнімдерінің сапасы сын көтермей, майлылығы мен ылғалды сақтауы ережесі бұзылған болып шықты.

Тексерістер нәтижесі бойынша, сатылымнан 180 келі өнім алынды, 249 келі өнім жеткізіп берушіге кері қайтарылды, олар жарамсыз танылып, жойылды.

 

Соңғы жаңалықтар