Ақтөбеде арнайы көліктерді құрастыру зауыты салынады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде арнайы көліктерді құрастыру зауыты салынады. Қазіргі уақытта мұнда жүк көліктеріне арналған тіркемелер құрастырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Ақтөбеде жүк көліктерінің тіркемесін шығаратын зауыт іске қосылған болатын. Содан бері ірі өндіріс орындары қажетті жүк көліктерінің тіркемесін Ресейден емес, Ақтөбеден тасымалдап жатыр. Жылына 250 тіркеме шығаратын өндіріс орны жаңа зауыт іске қосылған кезде жылына 500 дана тіркеме дайындай алады. Бұл арқылы ішкі сұранысты толық өтеуге мүмкіндік бар.

«Бір жылда 200-ге жуық тіркеме жасалды. Шикізат Ресейден тасымалданып жатыр. Барлығы 170 миллион теңгеге Түркия, Иран, Еуропадан әкелінді. Жаңа зауыт іске қосылған кезде жанар жағармай, газ, цемент таситын цистерналар жасалады. Жаңа жобаның құжаттарын дайындап, «Даму» қор тапсырған едік. «Даму өндіріс» бағыты бойынша несие алу жоспарда бар. Бізге жанар жағармай таситын көлікті құрастыруға арналған құрал-жабдық керек»,- деді «ПП Технодом СТ-KZ» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Әбдіғапаров. Жаңа зауыт 2018 жылдың соңында іске қосылады.

«Aktobe Invest - 2017» форумына қатысушылар көлік дөңгелектерінен жасанды жабынды дайындайтын өндіріс орнының жұмысымен танысты. Ыстық пен суыққа төзімді жабынды балалардың ойын алаңына, теннис кортына, жүрігу жолына, баспалдақтарға ыңғайлы. Жылына 70 мың шаршы метр жабынды дайындауға мүмкіндігі бар зауыт Өскемен, Алматы, Астана, Петропавл, Орал, Ақтау қаласына тапсырыспен өнімді жеткізіп жатыр. Өндіріс орны жылына 5 мың тонна қалдықты өңдейді.

«Ақтөбе қаласы маңында шашылып жатқан көлік дөңгелектерін жинап, экологиялық ахуалдың жақсаруына септігімізді тигізіп келеміз. Зауыт «Ақтөбе» индустриялдық аймағында орналасқан. Мұнда жол, жарық, су жеткілген. Темір жол да бар. Коммуналдық төлемдері арзан. Қазір бізде 40 адам жұмыс істейді. Жоба құны - 500 миллион теңге»,- деді «TalanTchology» ЖШС бас директоры Васильов Лагизов. Зауыт дөңгелектен қалған резеңкеден жасанды жабынды дайындайды. Металды арнайы орындарға тапсырып, дөңгелек ішінен шыққан жіпті жинап жатыр. Алдағы уақытта жіптен жүргіншілер жолына арналған тақтайшалар дайындалады. Қалдықсыз өндіріс орны қазіргі күні 17 мың шаршы метір жабынды шығарылып жатыр. Келер жылы өндіріс орны толық қуаттылықта жұмыс істейді.

Айта кетейік, форум аясында ауыл шаруашылығы құрылымдары мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында салынған әлеуметтік нысандар таныстырылды. Форум кезінде құны 200 миллиард теңге болатын 11 меморандумға қол қойылады.  Ақтөбе мен Қостанай облыстары аймақаралық ынтымақтастық пен өнеркәсіптік кооперациясын бірлесе дамытуға уағдаласады. Сонымен қатар, форум аясында жел генераторын шығаратын зауыт салу, фармацевтикалық өндірістің аумағын кеңейту құрылысы, техникалық селитра мен карбамид, яғни, тыңайтқыш шығару зауытының құрылысын жүргізу келісімі жасалады. Мұнай-газ жабдықтарын шығару кластерін құру, құс фабрикасын, жылыжай, нан комбинатын салу меморандумдарына қол қойылады.

Соңғы жаңалықтар