Ақтөбеде Әлия Молдағұлова туралы фильм түсіріле бастады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған жерінде фильм түсіріліп жатыр. Қысқаметражды фильмнің қыс мезгіліндегі кадрларын түсіру үшін арнайы окоп қазылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Қобда ауданында Әлия Молдағұлова туралы қысқаметражды фильм түсіріліп жатыр. «Әлия - ұлы дала өрені» атты картинаны PVE Production кинокомпаниясы түсіруде. Ал Ақтөбе облысының әкімдігі, Қобда ауданының әкімдігі және Ақтөбе облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасы қолдау көрсетуде. Қазіргі уақытта Әлия Молдағұлованың қан майдандағы ерліктері мен ұрыс қимылдары таспалануда. Трактормен арнайы окоптар қазылды.

Фильм түсіру жұмыстары ақпан айының аяғында басталды. Алғашқы кадрлар «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында жасалды. Түсірілім жаз мезгілінде де жалғасатын болады.



«Астанадан кино түсіруге арнайы топ келді. Олар өз сапары кезінде алдымен Әлиятанушы ретінде маған жолықты. Біз оларға облыс орталығындағы мұражайды таныстырып, мәлімет бердік. Кейін топ Әлия ауылына кетті. Қазір қысқы мерзімдегі кадрлар түсіріліп жатыр. Мен батыр қызды сомдайтын әртісті де көрдім. Ол кезде Әлия Молдағұлова 18-19 жастағы қыз болған. Бір байқағаным, кино түсіруге келген топ қазақтың батыры туралы жан-жақты ақпарат біледі және бұрын Ресей жеріндегі іздестіру жұмыстарына қатысқан адам»,- деді ондаған жыл бойы Әлия Молдағұлованы зерттеп, кітап жазған Ғалымжан Байдербес.

Айта кетейік, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда небәрі 19 жаста болды. Қолына қару алып, мергендік танытқан ол 78 жау әскерінің көзін жойып, Кеңес Одағының батыры атағын алды.

Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұлова даңғылы бар. Сонымен қатар, Әлия Молдағұлова атындағы медициналық колледжде арнайы көрме залы ұйымдастырылған. Қобда ауданының Әлия ауылында патриоттық тәрбие беру орталығы, мұражай бар.

 

Соңғы жаңалықтар