Ақтөбеде 25 жыл бойы қаңырап тұрған ғимарат мәдениет үйіне айналды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының Бестамақ ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ауылдағы жиналыстарды мектепте өткізетін тұрғындар кәсіпкерге алғысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылында бүгін мәдениет үйі пайдалануға берілді. Осыдан 25 жыл бұрын жекешелендіру кезінде ғимарат жекенің қолына өтіп кетті. Сол күннен бастап мәдениет үйі жұмысын тоқтатып, есігі ашылмады. Биыл кәсіпкер ғимаратты мемлекетке тапсырып, жөндеу жүргізілді, жылу жүйесі жаңартылды.

«Бестамақта туып-өсіп, қартайдым. Бұл ғимарат 25 жыл бойы ашылмады. Қирап, бүліне бастаған кезде ауылға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Кездесу кезінде мән-жайды айтып, мәдениет үйін қайтаруды, халық игілігіне беруді сұрадық. Себебі, жиналыс, əкім есебі бұған дейін мектепте өтті. Балалар білім алатын орын біз үшін ыңғайсыз болды. Ғимарат жөнделіп, халық игілігіне берілген күні қиындықтың бәрі артта қалды. ауыл халқы өз ризашылығын білдіріп жатыр»,- деді ауыл тұрғыны, зейнеткер Ахмет Аманжолов.



Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ғимаратты мемлекетке қайтарған кәсіпкер Серік Үмбетқалиевке алғысын білдірді.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында кәсіпкер бір кездері мемлекеттен сатып алған ғимаратты кері қайтарды. Тегін берді. Ғимарат тексерілді, жарамдылығы қаралды. Кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет үйінен балет үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Екінші қабатта балалар спортпен шұғылдана алады. Ал мәдениет үйінің залы 250 орындық. Кітапхана бар»,- деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова.

Айта кетейік, бір ғимаратта кітапхана, мәдениет үйі және спорт кешені бірігеді. Бұл ғимаратты жөндеу жүргізуге 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Соңғы жаңалықтар