Ақтөбе суармалы жерлерді игеру үшін шетелдік банктердің көмегіне жүгінеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі суармалы жерлерді игеру үшін 296 миллион теңге бөлінді.

Шетелдік банктермен қаржыландыру мәселесін шешу арқылы, 27 мың гектар суармалы жер көлемін тағы 10 гектарға арттыру көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өткен жылы Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 9,7 миллиард теңге субсидия бөлінді. Қаржы толық игерілген. Сонымен қатар, қаржы институттары арқылы 7,5 миллиард теңге несие берілді.

«Суармалы жерлерді игеру үшін жергілікті бюджеттен 296 миллион теңге қаржы бөлініп, 19,5 гектар суармалы, 27 мың гектар көлтабан жерге құжат рәсімделіп жатыр. ҚР Су комитетімен бірлесе жұмыс істеп, кейін шетелдік банктер арқылы қаржыландыру жоспарда бар. Егер осы жұмыс аяғына дейін жетсе, 2018 жылы 37 900 гектар суармалы жер кәдеге асырылады, яғни, тағы 10 гектар қосылады»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев.

Өңірде проблемалы мәселелер жеткілікті. Мәселен, егіске жарамды жердің 565 мың гектары яғни, 60 пайызы ғана игерілген.  Сол сияқты шабындық жерлердің 34 пайызы, жайылымдық жерлердің 35 пайызы ғана кәдеге асып жатыр. Өзгесі бос тұр.

«Өткен жылдың жоспарына сәйкес, өңірде 103 кооператив құрылды. Біз шағын шаруалардың басын біріктіріп, ірі ет, сүт шаруашылықтарының өнімділігін арттыруды көздейміз. Бірақ бұл жұмыс әлі іске аспай тұр. Жергілікті бюджеттен 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, сүт сақтайтын шағын цех ашылды, сүт таситын машина берілді. Ол машина әлі күнге дейін бір литр сүт әкелген жоқ»,- деді облыс әкімінің орынбасары М.Жұмағазиев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта еліміз бойынша Ақтөбеде алғаш рет сүт, ет тасуға арналған жұмыс жүйесі құрылды. Дегенмен, сүт комбинаттары - 34, ет комбинаттары 37 пайызға ғана жүктелген.

 

Алтынай Сағындықова

Соңғы жаңалықтар