Ақтөбе прокуратурасы сұйытылған газды тарату ісінен заңсыздықтарды анықтады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе прокуратурасы сұйытылған газды бөлу ісіне облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының араласқанын анықтады. Қазір тергеп- тексеру жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде өткен жылы сұйытылған газ тапшылығы мәселесі басталып, ол биыл Үкімет отырысында талқыланды.  Кейін сұйытылған газды шекара асырмақ болғандардың қылмыстық тобы ұсталып, күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды . Ал прокуратура табиғи монополияларды реттеу, мемлекеттік кірістер, өндірістік және өрт қауіпсіздігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармаларымен бірлесіп, тексеру жүргізді.

«Тексеру кезінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жекелеген лауазымды тұлғалары  газды бөлу жұмыстарына заңсыз араласып, сұйық отынды республика және облыс аумағынан тыс жерлерге шығарғаны анықталды. Мемлекеттік мекеменің лауазымды тұлғалары өкілеттіктері болмаса да айналымның барлық сатысында, атап айтқанда, жеткізуші-газ желісі мекемесі-бөлшек сауда субьектісіне әлеуметтік газды бөлу ісіне араласқан. Газ құю бекеті жоқ жанар-жағармай станцияларына да газ берілген. Бұл сұйытылған отынның облыс, ел аумағынан сыртқа шығарылуына себеп болған»,- деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазір осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалану» бабы бойынша тергеу басталды. Сонымен қатар облыстық прокуратура сұйытылған газды көтерме бағамен сатып алып, сатушы компаниялардың жұмысынан да заңсыздықтарды тіркеді.

«Қазір облыс бойынша «АС Газ Логи­стик», «Центргаз», «Кепіл- Сапа-А/КС-А» және «Gold Steps»ЖШС-і газ таратумен айналысады. Олар газ бағасын бір уақытта келісіммен көтеріп, газды есептеу құралдарын кейде іске қоспағанын, газ құю станцияларын айналып өтіп, бөлек жерлерде сұйытылған отын сатқанын анықтады. Бұл «Газ және газбен қамту туралы» Заңына қайшы. Ал «Центргаз» ЖШС және «Кепіл-Сапа-А/КС-А»ЖШС-нің газбен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын инфрақұрылымдары, яғни, газ толтыру станциялары мүлдем жоқ. Ал «АСГаз Логи­стик» ЖШС және «Gold Steps» ЖШС-нің өндірістік нысандары өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарына толық көлемде сәйкес келмейді», - делінген баспасөз баянында.

Қазіргі кезде осы оқиға бойынша «Мұнай өнімдерін, олардың шығу заңдылығын  растайтын құжатсыз тасымалдау, сату және сатып алу» және «Заңсыз кәсіпкерлік» бабы бойынша іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар