Ақтөбе облысында қауіпсіздік саласының жоғары технологиялық техникалары шығарылмақ

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қытайға жұмыс сапары аясында «Nuctech» компаниясының вице-президенті Ван Вэйдунмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Бейжіңдегі меншікті тілшісі.



Екі тарап Ақтөбе облысында бірлесе қауіпсіздік саласының жоғары технологиялық техникаларын: рентгентелевизиялық аппарат, жарылғыш заттарды анықтайтын құрылғы, радиоактивті заттарды анықтайтын жүйе, жолаушыларды тексеретін құрылғыларды шығару мәселесін талқылады.

«Қазіргі таңда Қазақстан өңірдегі ең бір ашық мемлекет ретінде танылып отыр - мұнда шетелдік инвесторларға жақсы саяси әрі институционалдық қолдау көрсетіледі. Сол себепті біз бұл жоба сәтті болып, басқа да нарықтарға, мәселен Ресей мен Қырғызстан нарығына, тауар шығаруға мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді кездесу барысында Ван Вэйдун.

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев «Nuctech» компаниясымен өзара әрекеттестіктің бірнеше нақты нұсқаларын ұсынды, оларды алдағы уақытта қос тарап қарап көреді.

Еске сала кетейік, «Nuctech» - Қытайдың кедендік және басқа да ведомстволарына, сондай-ақ әлемнің 122 мемлекетіне қауіпсіздік техникаларын жеткізуші компания. Польшада өндірістік цехы жұмыс істейді.

Қазақстан «Nuctech» компаниясымен 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Қазірге дейін компания ҚР территориясы аумағында 26 ірі көлемді инспекциялық-тексеруші кешенін, 340 шағын көлемді тексеру жүйесін орнатты. Олар Қайрақ, Қазығұрт, Бақты, Атамекен, Темір Баба кедендік бекеттерінде, Құлан, Бейнеу, Алтынкөл, Достық, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы станцияларында, Алматы мен Шымкент әуежайларында, 16 темір жол вокзалында, ЭКСПО-2017 нысандарында, Бейбітшілік сарайында және басқа да нысандарда жұмыс істеп тұр.

Соңғы жаңалықтар