«Ақтөбе» индустриялық аймағында 2 өндірістік нысан мен көліктік-логистикалық орталықтың іргетасы қаланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы екі өндірістік нысан мен ультразаманауи көліктік-логистикалық орталықтың құрылыс орнында іргетасын қалау салтанатты рәсіміне қатысты.

Жобалар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында айтылған экономиканы жеделдетілген технологиямен жаңғырту  бойынша тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 Тиімді экономикалық-географиялық жағдайдың «Ақтөбе» индустриялық аймағын «А» сыныпты көліктік-логистикалық орталықтың құрылыс орны етіп таңдаудағы айқындаушы факторы болғанын мойындаған «Фаэтон компаниясы» ЖШС жобаны жүзеге асыруға 2,5 млрд  теңге бөлуге ниетті.  Инвесторлар сондай-ақ, мұнда барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың, автокөлік пен теміржол көліктеріне арналған кірме жолдардың барын, энергетикалық ресурстардың салыстырмалы төмен бағасы мен өздеріне ұсынылған  өзге де жеңілдіктерді жоғары бағалауда.

- Мұның бәрі біз үшін үлкен қолдау. Мемлекет басшысына, облыс әкімдігіне бизнесті дамытуға көмектескен жобалары үшін алғысымыз зор,-деді «Фаэтон компаниясы» ЖШС өкілі Амангелді Ахметжанов.

Жаңа көліктік-логистикалық орталықтағы қаттау жүйесі SAP халықаралық стандартына сәйкес келіп, ал жүкөңдеу технологиясы автоматтандыру мен механикаландырудың жоғары деңгейіне ие болады. 2019 жылы қолданысқа берілетін орталыққа 120 адам орналастырылады.

null

 Айта кетейік, аталмыш жобаны жүзеге асыру туралы келісімге 2016 жылдың күзінде Ақтөбе және Алматы облыстары арасындағы өңіраралық кооперацияны жолға қою аясында келген болатын.

Сондай-ақ, «Баумастер Интернэшнл» ЖШС-нің судесперсиялық бояу мен декоративті сылақ өндіру цехының құрылысы басталды.  Болгарлық ірі инвестордың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жоба импортты алмастыру стратегиясына сай. Өйткені Қазақстан нарығында ұсынылған лак және бояу өнімдерінің 80 пайызы сырттан әкелінген. Бірінші кезеңде цехтың жылдық қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға дейін судесперсиялық бояуды құрайды. Өндіріс пен шығарылатын өнімдер тізімін арттыру жоспарда бар.

Батыс Қазақстан үшін тағы бір бірегей жоба - «Гигант» ЖШС-нің жүк көліктерінің құрастырылымын қайта қалпына келтіру және жаңарту зауыты. Еуропада осыған ұқсас екі зауыты бар неміс инвесторы жобаны жүзеге асыру үшін 800 млн теңге салатын болады. Кәсіпорын жұмысын осы жылдың желтоқсан айында бастап, кем дегенде 20 жұмыс орнын қамтамасыз етеді  деп күтілуде.

null

Айта кетейік, бір жыл бұрын облыс әкімі индустриялық аймақта 5 ірі инвестициялық жобаның іргетасын қалаған болатын. «TALANTechnology» ЖШС және «АктобеTOPSAПласт» ЖШС деп аталатын екі зауыт өндірістік процеске кірісіп кетті. Үш жоба аяқталуға жақын, соның ішінде 2017 жылдың желтоқсан айында 180 адамды жұмыспен қамтитын «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС зауыты іске қосылады деп күтілуде. Құны 6 млрд теңге болатын өндірісте керамикалық гранит пен керамикалық тақташа шығарылмақ. Кәсіпорынның қуаттылығы - жылына 5 млн шаршы метр өнім. Зауыттың ерекшелігі - тапсырыс берушіге бұйымның түсі мен дизайнын таңдауға мүмкіндік беріледі. Содан болар қазірдің өзінде кәсіпорынның  жоспарланған өнімді шығару үшін тапсырыстары бар.

- Мемлекет басшысы индустриялық аймақтарды дамытуға баса назар аударады, сондықтан, бұл - экономиканы дамытып, инвестиция тартудың бірден бір көзі. Біз 2016 жылдан бастап «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы жұмысты жандандырдық. Жыл соңына қарай Қазақстандағы ірі өндіріс орындарының біріне айналатын керамикалық гранит пен керамикалық тақташа шығару зауытының бірінші кезегі іске қосылатын болады. Негізі бүгін қаланған үш жоба да өңіріміз үшін және жалпы Қазақстан экономикасы үшін өзекті болып табылады. Біз өз тарапымыздан инвесторларға әрқашан көмектесіп, қолдау көрсетіп келеміз және әрі қарай да көрсететін боламыз,-деп атап өтті облыс әкімі.

null

«Ақтөбе» индустриялық аймағында құны 72 млрд теңге болатын барлығы 12 жоба жүзеге асырылуда. Олар іске қосылысымен 1700 жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Индустриялық аймақтың жарты аумағы инвесторлармен толықты, барлық қажетті инфрақұрылымы бар бос тұрған жер телімдері 2018 жылға дейін өндіріске толады деп болжануда.

Соңғы жаңалықтар