Ақтөбе ауруханасына күйік шалған балаларға арналған кереует сыйға берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық балалар ауруханасына құны 21,8 миллион теңге болатын кереует сыйға берілді. Бұл кереует күйік шалған балаларға ем жүргізуге ыңғайлы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болат Өтемұратовтың қоры бүгін Ақтөбе балалар ауруханасына үлкен сый жасады. Құны 21,8 миллион теңге болатын кереует баланың арқасы, аяғы мен жамбасын емдеуге ыңғайлы. Сонымен қатар, бас-ми жарақаты, буын, жүрек отасынан шыққан науқасқа күтім жасауға мүмкіндік береді.

«Кереует іші ауамен толтырылады. Бұл арқасы, жамбасы, басы ауыратын науқастар үшін қажет»,- деді Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұржан Кожин.

Кереует жаз айында өткізілген қайырымдылық аукционы кезінде түскен қаржыға сатып алынды. Сонымен қатар, Петропавл, Талдықорған, Орал қалаларындағы емдеу орындарына медициналық құрал-жабдықтар мен техника сыйға берілді.

«Бұл қайырымдылық акциясына қатысқан адамдардың қаржысына сатып алынған кереует. Жаңа жабдық балалардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді», - деді қордың директоры Марат Аймағамбетов.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасына күйік шалған 83 бала түсті. Оның 20-сы ауыр жағдайда болды. Ал газ баллон жарылған кезде үйінде болған 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Дәрігерлер жаңа кереует жағдайы аса ауыр балаларды аман алып қалуға көмектеседі деп отыр. 

null 

Соңғы жаңалықтар