Ақтөбе-Атырау тасжолы құрылысының қауіпсіздігін полицейлер бақылайды

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Наурыз айында Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылыс жұмыстары басталады. Жол құрылысы кезінде қауіпсіздікті полиция бақылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбелік полиция қызметкерлері Батыс Еуропа -Батыс Қытай тасжолының құрылысы кезінде қауіпсіздікті қадағалаған болатын. Енді олар алдағы 4 жылда Ақтөбе-Атырау тасжолындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын қарайды. ІІД Әкімшілік полиция басқармасы мердігер компанияларды жинап, заңнамалардағы талаптарды түсіндірді. Әкімшілік полиция басқармасы, жол және техникалық бөлімінің бастығы Еркін Өтегеннің айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде көліктерге уақытша жол салынуы тиіс.

«Негізгі жол құрылысы басталған кезде көлікке арналған уақытша жол ашылады. Сонымен қатар, сол жолда арнайы белгілер орнатылуы тиіс. Әрбір 12 сағат сайын су себіліп, шаңы басылады. Әрі жол құрылысы кезінде қауіпсіздік ескертулері анық көрінуі тиіс. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады. Біз құрылысты 2021 жылға дейін бақылаймыз»,- деді Еркін Өтеген.

Ақтөбе-Атырау тасжолы Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарын қамтиды. Әр аудандағы жол және техникалық бөлім өкілі өзіне тиісті аумақты бақылап, заң талаптары бұзылса әкімшілік хаттама толтырады.

«Егер жол белгісі орнатылмаса, 1-3 күн уақыт беріледі. Талап сақталмаса полиция қызметкері ұйғарым береді. Дер кезінде қателікті жоймаса, сотқа арыз жолданады. Қазір айыппұл 15 АЕК болып тұр. Бұл шамамен 36 мың теңгеден асады. Аса үлкен құқық бұзушылық анықталса, мердігер компанияның өкілеттілігі тоқтатылады»,- деді Еркін Өтеген.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе-Атырау тасжолы өте қауіпті аймақ саналады. Бұл жолдың сапасы нашар, сәйкесінше жол-көлік оқиғасы жиі тіркеледі. 2017 жылы 19 оқиға тіркеліп, 29 адам жараланды. Ал 8 адам осы республикалық тасжолда мерт болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылыс жұмыстары кезінде жергілікті материалдар пайдаланылады.

Соңғы жаңалықтар