Ақтөбе-Атырау тасжолы халықаралық банктердің қолдауымен жөнделіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе-Атырау бағытында жол жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі кезде жолдың 160-330 шақырымын жөндейтін екі мердігер компания анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында және барлық ауданда жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысқа биыл 9,7 миллиард теңге бөлінген. Есеп бойынша 254 шақырым жол жөнделіп, қалпына келтіріледі.

«Ақтөбе облысының әр ауданында 2-10 көше жөнделіп жатыр. Мұндай ауқымды жөндеу бұрын болған жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ырғыз-Шалқар, Шалқар-Ембі, Ембі-Қандыағаш жолдары Ақтөбе-Астрахань жолына шығады. Бұл жолдың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмысы аяқталды. Құрылыс жұмыстары басталды. Республикалық тасжолдың 160-330 шақырымын екі мердігер компания жөндейді. Азия даму банкінен қаржы бөлінді. Үш жылда жол пайдалануға беріледі»,- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев.

Ал Ақтөбе-Атырау тасжолының 11-160 шақырымы бойынша байқау қазан айында аяқталады. Бұл жол Ислам банкінің қолдауымен салынады.

Сонымен қатар республикалық Ақтөбе-Орск трассасының құрылысы жүріп жатыр. Барлығы 8 шақырым жолды жөндеуге 3 миллиард теңге жұмсалды.

Соңғы жаңалықтар