Ақтөбе әлі қоқыстан тазартылмай жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында қоқыс уақтылы шығарылмай жатыр. Бердібек Сапарбаев мердігер компанияларға екі күнде тазартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаланы аралап, үйіліп жатқан қоқысты өз көзімен көрді. Сол жерде қала тазалығына жауапты 31 басқарушы компанияның басшыларымен, соның ішінде қаланы санитарлық тазалумен айналысатын операторлармен кездесті. 

"Екі күнде ортақ күш-жігерімізбен қаланы тазалау қажет, бірде бір қоқыс алаңында қоқыс болмауы тиіс", - деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.
Еске салсақ, қоқыс шығаратын "Таза қала Ақтөбе" мемлекеттік коммуналдық компаниясы таратылып, "Ақжол" компаниясы тарифті көтеруді сұрады. Кейін қала әкімдігі шаһар территориясын 10 бөлікке бөліп, қоқыс шығаратын компанияларды анықтады.  Әзірге оларда арнайы техника жоқ. Қала әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Қасымовтың айтуынша,  әкімдік бір ай бойы мердігер компанияларға қоқыс шығаратын машиналарды береді. Кейін әр компания өз арнайы техникасын сатып алуы тиіс.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы қызмет көрсетуші объектілердің саны мен қолдағы бар техникалар туралы сұрады. Бір компания орта шамамен 500 контейнерлерге қызмет ететіні атап өтілді. «КамАЗ» көлігі 1 рет қатынағанда шамамен 100-110 контейнерлердегі қоқысты тиеп алады. Алдағы уақытта қоқыс шығарушылар мен жергілікті полиция бірге жұмыс істейді. Себебі тұрғындар жиһаз бен ескі техниканы қоқысқа тастауды әдетке айналдырған. Ал талап бойынша мұндай қажетсіз заттарды тұрғындар өз күшімен қоқыс полигонына тапсыруы тиіс. 

Соңғы жаңалықтар