Ақтөбе әкімдігі Мұстафа Шоқайдың суретін неге өшіртті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Батыс-2 ауданындағы тұрғын үйдің қабырғасына Мұстафа Шоқайдың суреті салынып, кейін әкімдік портретті өшіртті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі 5 қабатты тұрғын үйдің қабырғасына Мұстафа Шоқайдың портреті салынып, ел өскелең ұрпаққа тәрбие беретін бастамаға қуанған еді. Бірақ бұл қуаныш көпке бармай, су сепкендей басылды. Әлеуметтік желіде Арман Сқабылұлы «Алаштың арысы Ақтөбеге бөтен бе еді?» деген тақырыпта өз ойын қалдырған.

«Ақтөбеде жаңа көшеге алаштың арысы Мұстафа Шоқайдың аты беріліп, жаңа тұрғын үйдің қабырғасына суреті қашалады дегенге тұрғындар кəдімгідей марқайып қалған. Кеше əлеуметтік желілердің бірінен мына суретті көріп, төбемнен біреу су құйып жібергендей болдым. Мұстафа бабамның əп-əдемі бейнесін əкім-қаралардың бірінің бұйрығымен қайта бояп, көзден бұлбұл ұшырған», - деп жазып, кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан, жалпы ақтөбелік шенеуніктерден жауап күтіп отырғанын жеткізген. Құрылыс басындағылар да бұл шешімге түсіне алмай отыр.

null

«Батыс-2 ауданындағы көшеге Мұстафа Шоқайдың аты беріледі, суретін салу керек деп әкімдік тапсырма берді. Ал демалыста суретті өшіртті. Біз де білмей қалдық. Неге екенін сұрағанымда құрылыс басындағылар себебін білмеді. Басшымызға хабарласып едім, өшіріп тастауға тапсырма бергенін айтты. Негізі бұған дейін ол жерде тұрғын үйдің жарнамасы болды. Бізге жарнама баннерін алып тастап, Мұстафа Шоқай көшесіне арнап, оның портретін салуды тапсырды. Адам іздеп, суретшіні Алға ауданынан таптық. Сурет салу жұмыстарына барлығы төрт күн кетті. Кейін әкімдіктің адамдары көріп, «жақсы екен, суретшінің байланыс телефонын беріңізші» деп сұрап та алды. Біз де қуанып қалдық. Суретші алдымен қабырғаны бояп, кейін сурет салуды бастады. Өте мұқият жұмыс істеді. Бірақ қазір түсінбей отырмыз. Бізге тез сал деп те мәжбүрледі. Тіпті тапсыру актісін берген кезде қол қоймай, портрет болған кезде ғана рұқсат береміз деді. Біз салдық, әкімдік тұрғын үйді тапсыруға рұқсат берді. Ал қазір мынадай жағдайға тап болдық», - деді «CB Projoct»  ЖШС бас инженері Гинатулла Ермеков.

Бұл мәселенің мән-жайы туралы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Еркін Ордабаев  түсініктеме берді.

«Суретші портретті дұрыс салмаған. Кейін оны қалпына келтіруге тырысқан екен, бірақ бояуы дұрыс болмаған екен. Жаңбырға шыдамады, портрет бүлінді. Бір жағынан, Мұстафа Шоқайдың басқа да суреттерін салуға болады ғой.

Салынып жатқан үйлер көп. Барлық үйге қазақтың батырларын салуға болады. Енді ол жерге Мұстафа Шоқайдың суреті салынбайды. Бәлкім басқа бір ақынның, қазақтың батырының суреті салынуы мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт, сурет салмас бұрын құрылыс компаниясы қалалық әкімдіктен рұқсат алуы керек еді. Бірақ олар бізбен келіспей, өз беттерімен шешім қабылдаған»,- деді Еркін Ордабаев. 

Соңғы жаңалықтар