Ақтауда жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары жүргізілуде

None
None
АҚТАУ. 11 маусым. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындардың осал топтары жылда ерікті түрде тексеруден өткізіліп тұрады.

Өткен жылы өз еркімен қан тапсырып, тексеруден өткен нашақорлар түстік аспен қамтылған болатын. Биылғы мамыр айында өткен тексеруде 200 нашақор қан тапсырған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

 Бұл жолы нашақорларды тексеруден өтуге ынталандыру үшін ұялы телефон бірліктері пайдаланылған. Яғни, қан тапсыруға келген бір нашақор 500 бірлік алады, ал өзімен бірге үш кісі ертіп келсе, қосымша үш 500-дік бірлікке ие болады. Оған ере келгендер де өздеріне тиесілі бірліктерін алады. Осылайша бір ай бойы жүрген акция барысында нашақорлар арасынан 3 АИТВ (1,5%), 144 С гепатиті (72%), 31 мерез (15%) жұқпалары табылды.

 ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық директорының орынбасары Ақнұр Тасболатованың айтуынша, бұл ине арқылы есірткі қабылдайтын нашақорлар арасында кездесетін жайт. Егер жұқпа таратушылар дер кезінде анықталмайтын және алдын алу жұмыстары уақытында жүргізілмейтін болса, аса қатерлі жұқпалар жалпы тұрғындар арасына кең жайылып кетуі мүмкін.

 Екінші акция, яғни, тәнін саудалайтындар арасында ынталандыру арқылы қан тексеру акциясы 4 маусымда басталып кетті. Бұл шараның кедергісіз өтуіне волонтерлар көмегі пайдаланылады. Нашақорлар ЖИТС орталығына өздері келіп қан тапсырған болса, жеңіл жүрісті бойжеткендер арасына орталық мамандарының өздері барады.

Соңғы жаңалықтар