Ақтауда тегін заттар дүкені ашылады

None
None
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында әлеуметтік аз қамтамасыз етілген жандарға арналған қайырымдылық дүкені ашылады. Мұқтаж жандар дүңгіршектен азық-түлік, киім-кешек, ыдыс-аяқ пен басқа да қажеттіліктерін тегін ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еріктілер қазір азық-түлік пен тұрмысқа қажетті керек-жарақтың жиналып жатқанын хабарлайды. Әсіресе, балаларға арналған киім-кешектер, кілемдер мен төсеніштер керек.

Аймақтағы 70 отбасы дүкенге келіп, көмектің көрсетілуіне алдын-ала өтініш білдірген.  

«Біз адамбыз, бір біргеміз» қоғамдық қорының басшысы, жоба жетекшісі Иманғазы Досмұханбетовтің айтуынша, дүкенге бірінші рет келгендердің барлығына бірдей жәрдем көрсетіледі. Ал көмекті тұрақты қажет ететіндердің тұрмыстық жағдайы алдымен тексеріледі.

 «Біз еріктілер тобымен әр отбасыға барып, жағдайларын қарап, тексеріп жатырмыз. Тіпті, балаларын асырауға шамасы болмаған  жанұяларды кездестірдік. Оларды оңалту орталығына апардық. Біз ұлтқа, дінге қарап бөлмейміз. Бастысы - көмек көрсету. Мұндай сауапты іс кез келгеннің көңіліне қуаныш сыйлайды. Ақтаулықтарға ризамын.  Қажетті заттарды жинауда. Жыл сайын мұқтаж отбасыларды өзіміз іздеп көмек көрсетуші едік, енді бұл бастама барлығын қамтуға таптырмайтын мүмкіндік. Шараға атсалысамын дегендерге есігіміз әрдайым ашық», - дейді ол.

Дүкен 8 наурыз күні ашылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар