Ақтауда SUP серфингтен чемпионат өтті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда SUP серфингтен Қазақстандағы алғашқы чемпионат өтті - бұл су спорт түрінде серферлер шамалы үлкен көлемдегі тақтайда тұрып, ескекпен еседі. Осы спорт түрінен үш адам алтын медаль алып, жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Серфингтің осы түрі (ескекпен) туристік салада үлкен қызығушылыққа ие. Біріншіден, сап серфингпен айналысу үшін толқын қажет емес. Екіншіден, кез келген жастағы адамға бұл спорт түрін меңгеру үшін бір күн ғана жеткілікті.

Чемпионатқа барлығы 27 адам қатысты. Барлығы жергілікті тұрғындар. Сағат 16.00-де басталған чемпионат 4 сағатқа созылған. Ол Ақтау қаласындағы бірінші шағын аудан мен «Ақбота» саябағына қарама қарсы «Бриз» яхта клуб айдынында өткен.

Чемпионатты Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов ашты. «Әйел арасында Медина Сақтағанова жеңімпаз атанды. Кәсіпқой ерлер арасында Самат Сұлтанов, әуесқой ерлер арасындағы Ерлан Қыдыров бірінші орынды иеленді», - деді чемпионат төрешісі, осы спорт түрінің инструкторы Самат Товмуринов.

Жеңімпаздарға Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан медальдар мен құрмет дипломдары, «ДСК-Ақтау» компаниясынан қаржылай сыйақылар табыс етілді. 

Соңғы жаңалықтар