Ақтауда спорт саласының үздіктері марапатталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстаудағы спорт саласының үздіктерін марапаттады, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

 Биыл аймақта кәсіпкерлердің қаражатынан  8 спорт кешені мен 20 ашық спорт алаңдары салынған. Сегіз ауылда «Жас батыр» спорт мектебінің филиалдары ашылды. 

Келер жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен Мұз сарайы мен бокс орталығы құрылысы басталмақ. Сонымен қатар үстел теннисі орталығы мен барлық аудандарда дене шынықтыру - сауықтыру кешені салынады. Ақтау қаласында ықшамаудандардағы 15 ойын алаңын жөндеуден өткізу жоспарланған.

Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы Ералы Тоғжанов: «2017 жыл аймағымызда елеулі оқиғаларымен ерекшеленді. Спорт саласы да жаңа бастамаларға толы жыл болды. Облысымызда  дзюдо, самбо күресінің, каратэ-до, кикбоксингтің қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Өздеріңіз білесіздер, Маңғыстаудың тарихында жастар мен жасөспірімдер арасында самбо күресінен Әлем чемпионы Рамазан Мамаев, дзюдоан Азия және Еуропа кубогінің чемпионы Сұңғат Жұбатқан, каратэ-додан Еркінбек Байтөриев Әлем чемпионы атанса, Хорватияда жастар арасында дзюдодан өткен Әлем чемпионатының тұңғыш қола жүлдесін жерлесіміз Бауыржан Нарбаев иеленді. Одан бөлек өңіріміздің үш жаттықтырушысы «ҚР Еңбегі сіңірген жаттықтырушы» атағын абыроймен қорғады. Жалпы облысымызда тұрақты спортпен айналысатындардың саны 30%-дан асты.

Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы бойынша әр адам өз ауылының көркеюіне үлес қосуы керектігін айтқан болатын. Осы бағытта да меценат азаматтар өздерінің туған ауылдарында спорт кешендерін өз қаражаттары есебінен тұрғызып, ауылдық жерлерде де жастардың спортпен айналысуына жағдай жасауда. Бұл игі бастамалар келер жылы да жалғасын табады деп сенеміз»,-деді.

Бұдан соң спортшыларға марапаттар табысталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дүйсенбай Атағараев және Маңғыстау облыстық Олимпиадалық даярлау орталығының директоры Қанат Озғанбаев; Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қарабаллаев; Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушысы медалімен таеквондодан жаттықтырушы Ғани Ибрагимов, бокстан жаттықтырушы Жарас Калимов, кикбоксингтен жаттықтырушы Есенмұрат Селиков; спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Жомарт жүрек» номинациясымен Сарсенбай Абдуллаев; спорт саласы бойынша «Жылдың үздік ауданы» номинациясымен Маңғыстау ауданы марапатталды.

Сондай-ақ, осы саланың дамуына сүбелі үлес қосқан 70-ке жуық азаматқа Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хаты берілді.

Шара соңы өңірдің өнер жұлдыздары мен спортшылар қатысқан мерекелік концертке жалғасты.

Соңғы жаңалықтар