Ақтауда орнынан қозғалған ұшақ он минуттан кейін жерге қайта қонды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 ақпан күні Ақтау-Мəскеу бағытында ұшатын ресейлік «Аэрофлот» əуе компаниясының US-1955 рейстегі ұшағы ұша сала қайтадан Ақтаудың халықаралық əуежайына қонуға мəжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы осы рейспен ұшпақ болған жолаушылар айтып берді.

Ұшақ таңғы сағат 05.30 ұшуы керек еді. Алайда,  аспанға көтерілген əуе кемесі 10-15 минуттан кейін қайтадан əуежайға қонған. Жолаушылардың айтуынша рейс 27 ақпан, түнгі мағат 01.00-ге шегерілген.

«Таң атпай тіркеліп, борттағы орындарымызға жайғастық. Ұшқаннан кейін 10-15 минуттан кейін ұшақтың оң жағындағы қозғалтқыштан бір шу естілді. Ұшақтың бүкіл қозғалтқыштары істен шыққандай болды. Борт командирі техникалық себептерге байланысты Ақтауға қайта қонатынымызды айтты. Қонған кезде, ұшақтың ішінде керосиннің иісі сезілді», - деген жолаушылардың бірі жергілікті Лада басылымына берген сұхбатында.

«Аэрофлот» компаниясының өкілі Əсем Қонысбайдың айтуынша, рейс кейіне шегерілгендіктен жолаушыларды қалаға алып шығатын көлік дайындалып, кейбір адамдар қонақ үйге жайғастырылған.

«Əуе кемесі техникалық себептерге байланысты қайта қонды. Ұшақтағы олқылықтың себебін əлі нақты білмейміз. Техникалық ақауды анықтап, жөндеу үшін Мəскеуден маман келуі керек. Ал, адамдар дəл осы ұшақпен ұша ма, əлде басқа ұшақ беріле ме, ол да белгісіз», - деді Əсем Қонысбай.

Соңғы жаңалықтар