Ақтауда кәріз суын тазартатын қондырғы пайдалануға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтаудағы екі құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтау қаласындағы «Аққу-1» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2008 жылы басталған болатын. 2012 жылы ақаулар анықталып, жұмыс тоқтатылды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің шешімімен нысанда күшейту жұмыстары басталып, 2015 жылы 30 маусымда аяқталды. Тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға үш мердігер компания: «Оңдасын строй», «Еврострой» және «Елин груп» белгіленді. Қазіргі таңда 297 пәтер қоныстануға берілмек.

«Бұл құрылысы ұзаққа созылған «Аққу» тұрғын-үй кешенін пайдалануға беру - облыс әкімінің басты тапсырмаларының бірі. Өздеріңіз білесіздер, үй құрылысы 2008 жылы басталған. Оның 5 жылында нысанда ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеді. Мұнда шамамен 650 пәтер бар. Осы айдың соңында 300-ден астам пәтер пайдалануға берілмек. Ал қалған 300 пәтерді осы жылы 1 қыркүйекке дейін беру жоспарланған. Осы уақытта «Аққу-1» толыққанды кешенге айналады. Бұрын бұл үйдің төңірегінде туындаған мәселелерге қатысты күдікті жою үшін "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтынан" мамандар шақырылып, тексеріс жүргіздік. Олар кешеннің пайдалануға жарамды екенін растап, жазбаша анықтама берді», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев.

Жақында пайдалануға берілетін тағы бір нысан - кәріз суын тазартатын қондырғы.

«Бұл - көптен шешімін таппай келе жатқан мәселе. Ералы Лұқпанұлы мұны қолға алып, қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік берді. Негізінен өте қомақты жоба. Қаланың солтүстік бағытына, жоғары жақтағы шағын аудандарға арнайы салынып жатыр. Көлемі 70 мың шаршы метрге арналған. Екі этаптан тұрады: біріншісі - 40 мың, екіншісі - 30 шаршы шақырым. Қазір бірінші этап іске ұосылу сатысында. Қыркүйек айына дейін қосуды жоспарлап отырмыз. Жұмыстың 95 пайызы аяқталды. Кейбір детальдары жетіспеуіне байланысты кішкене бөгеліп тұр. Қазір қаладан шығып жатқан 20 мың шаршы метр шамасындағы суды осында бағыттаймыз. Ескі станция өз қуаттылығына сай жұмыс істеп тұр», - деді Маңғыстау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков.

Соңғы жаңалықтар