Ақтауда 13 жасар оқушы жасанды қол жасады

None
None
АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ - Ақтаудағы робототехника клубының бас бапкері Дмитрий Куричевтің басшылығында дарынды оқушы 13 жасар Даниил Белов жасанды қол жасады. Олардың «қолы» біршама арзан әрі қолжетімді болып шықты.

- Қарапайым протезді жалғау үшін ол орнатылатын жер толығымен біткен болуы керек. Оған жарты жылдан бір жарым жылға дейін уақыт кетеді. Ал біз жасаған жасанды қолды кез келген қолға орнатуға болады, - дейді оқушы.

Бір таңғаларлығы, идеяның тууынан оны жүзеге асырғанға дейін бірнеше күн ғана уақыт кеткен. Өнертапқыштар протезді ондаған конструкторлық детальдардан құрған. Қажетіне қарай оларды жеңілірек, қолайлырақ бөлшектермен ауыстыруға болады.

«Бапкер маған қол жасау керектігін айтқанда, абдырап қалғаным рас. Біз оны бірнеше рет құрып, бұзып, қайта құрдық. Кейде жасағанымыз істемей қалса, енді бірде тым қатты жұмыс істеп кетті. Тәуірірек нұсқасын жасадық-ау дегенде тоқтадық», - дейді Ақтау қаласындағы экономикалық лицейдің 8-сынып оқушысы Даниил Белов.

Протез роботтандырылған. Жұмыс істеу принципі ерекше құрылғы нейроинтерфейстің көмегімен адамның ой арқылы басқарылады. Интерфейс бас мидың зейін шоғырландыру, медитация сияқты бұйрықтарын жеткізуге мүмкіндік жасайды.

Даниилдың Ақтаудағы робот клубында жүргеніне екі жылға жуықтап қалған. Сабақ және жаттығулардан бос кезінде бағдарламалау курстарына қатынайды, ал мектепте физика мен математиканы сүйіп оқитынын айтады.

Қазірге Даниил болашақта кім болатыны туралы бір тоқтамға келген жоқ екен, бірақ есесіне кезектегі өнертабысы не болатынын анық біледі. Ол қазір бапкерімен бірге есту қабілетін жоғалтқан адамдардың өмірін жақсартатын құрылғы жасау үстінде бас қатыруда. 

Соңғы жаңалықтар