Ақсулық инспектор отқа оранған үй ішінен екі адамды алып шықты

None
None
АСТАНА. Қазақпарат -  Ақсу қаласы ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Бұхара Тишханбай өрт кезінде екі ауыл тұрғынын ажалдан аман алып қалды.

Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайдыpavlodarnews.kz.     

 «Түн ішінде учаскелік полиция инспекторының ұялы телефонына Парамоновка ауылының тұрғыны қоңырау шалып, ауыл ішіндегі Целинная көшесі, 9/1 мекенжайындағы үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлады. Полиция капитаны Бұхара Тишханбай өрт болып жатқан жерге келді. Бірінші кезекте өз күшімен есікті бұзып ашып, жалындап жатқан үйдің ішіне кіреді. Еден үстінде үйден өздігінен шыға алмайтын екінші топтағы мүгедек ер адамды көріп, оны көтеріп далаға алып шығып жедел жәрдем шақыртты. Ауыл тұрғыңдарынан үйдің ішінде тағы бір адамның бар екенін естіген ержүрек тәртіп сақшысы үстіне дымқыл матаны жамыла сала ол екінші рет өртке оранған үйдің ішіне кірді. Артынша ол ұйықтап жатқан ер адамды тауып алып, таза ауаға алып шықты», - деді баспасөз қызметінде. Өрттен адамдарды құтқару кезінде көрсеткен кәсібилігі және қырағылығы үшін полиция капитаны Бұхара Тишханбай ынталандыруға ұсынылды. Бұхара ішкі істер органдарында 2005 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Екі баланың әкесі, оның бес жасар ұлы мен үш жасар қызы бар.

Соңғы жаңалықтар