Ақсуда 8 жасар бала ашық құдыққа түсіп кетті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Полиция старшинасы Дәулет Мұхамедсалықов Ақсу қаласында 8 жасар ер баланың өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақсу ішкі істер бөлімі жол-патрульдік полиция взводының полиция старшинасы Дәулет Мұхамедсалықов демалыс күні өзінің жеке көлігімен жолда кетіп бара жатады. Ол баланың жолды кесіп өтіп бара жатқанын, кейін мүлдем көзден таса болғанын байқайды. Полицей сол орынға келіп, баланы іздей бастайды. Ашық тұрған кәріз люгынан баланың дауысын естиді. 5 метр тереңдіктегі құдыққа түскен бала өздігінен шыға алмайды. 8 жасар Бақтияр оның ішінде жатып үсік шалуы мүмкін еді.

Сол маңнан өтіп бара жатқан жүк көлігін Д. Мұхамедсалықов тоқтатады. Жүргізушінің көлігіндегі баспалдақты алып, құдыққа түсіп, баланы құтқарады. Жедел жәрдем келгенге дейін Дәулет қорқып қалған балаға алғашқы көмек көрсетеді.

Ұлдың әкесі Жандилов Данияр өзінің және отбасының атынан Павлодар облыстық ішкі істер департаментіне алғыс хат жазып, полицейге ыстық ықыласын білдіреді. ІІД бастығының бұйрығымен полиция старшинасы Дәулет Мұхамедсалықов алғыс хатпен марапатталды. 

Соңғы жаңалықтар