Ақсу қант зауыты биыл 100 мың тонна өнім қабылдауды жоспарлауда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының әкімдігі мен «Энергосмост» консорциумы Ақсу қант зауытын іске қосу жөнінде өзара ынтымақтастық  туралы меморандумға қол қойды.

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен қант қызылшасы өндірісін дамыту жөніндегі жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатқа облыс әкімдігі тарапынан өңір басшысының  орынбасары Серікжан Бескемпіров және «Энергосмост» консорциумының даму жөніндегі директоры Сәкен Мұратов қол қойды.

С. Мұратовтың айтуынша, қазіргі кезде Ақсу қант зауытын жаңғырту жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жалпы бұл жобаға биылғы жылы 8 млрд. теңге бағыттау жоспарлануда, оның 2 млрд. теңгесін «Жетісу» ӘКК арқылы облыс әкімдігі бөлген. Негізгі технологиялық құрылғыларды ауыстыру, ғимаратты жөндеу, отын сатып алу, ТЭЦ-ті қалпына келтіру, мамандарды іріктеп, қайта оқыту сынды атқарылатын жұмыс ауқымды.

"Жоспар бойынша Ақсу қант зауыты жылдың соңына қарай іске қосылады. Ал қыркүйектің соңы-қазанның басында шикізат қабылдана бастайды. Жалпы биылғы жылы 80-100 мың тонна қант қызылшасын өңдейтінімізді жоспарлап отырмыз", - деді С. Мұратов.

Облыс әкімі А.Баталов Ақсу қант зауытының іске қосылуы -маңызды тарихи оқиға болатынын айтты.

Айта кету керек, қазір өңірде бір ғана "Көксу қант зауыты" жұмыс істеп тұр. Шаруалар күз кезінде өнімдерін өткізу үшін аталған мекеменің алдында түнеп, біраз қиналған болатын.

Соңғы жаңалықтар