АҚШ-та «Грэмми» сыйлығының жүлдегерлері анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін түнде Лос-Анжелес қаласында (АҚШ) үздік әншілерді, композиторларды, ақындар мен продюсерлерді анықтайтын беделді «Грэмми» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

Биыл бірден төрт «Грэмми» сыйлығына 2016 жылы қайтыс болған британдық рок-әнші Дэвид Боуи лайық деп танылды. Боуидың соңғы "Blackstar" пластинкасы «Үздік альтернативті альбом» және «Классикалық емес альбомның үздік инжинирингі» номинациялары бойынша жеңіске жетті. Сонымен бірге, Боуи «Үздік рок орындаушы» және «Үздік рок-композиция» санаттарында да топ жарды. «Альбомды үздік безендіру» мүсіншесі де "Blackstar" мұқабасын әзірлеген дизайнер Джонатан Барнбрукке берілді.

Дәстүрлі шараның тағы бір жүлдегері - британдық әнші Адель. Ол «Үздік вокалдық поп-альбом» ("25") және «Үздік жеке поп-орындау» ("Hello" әні үшін) номинацияларында жеңімпаз деп танылды. Белгілі әнші Бейонсе "Formation" әніне түсірген бейнебаяны үшін «Үздік музыкалық видео» жүлдесін алды.

Сондай-ақ Chance the Rapper есімімен танымал хип-хоп орындаушы Чанселор Джонатан Беннетт «Үздік жас әнші» атағына лайық деп танылды. Ол 1993 жылы Чикаго қаласында дүниеге келген.  Америкалық продюсер Грег Керстинг «Жылдың үздік продюсері» атанды. Ол Адель («Hello»), Сиа (Chandelier), Келли Кларксон сынды атақты әншілерге продюсерлік еткен және кейбір әндерінің бірлескен авторы болған.  

Бұдан бөлек, «Грэмми» сыйлығы поп, рок, аспап, кантри, альтернатив, R&B, рэп, латино, джаз бағыттары бойынша үздік деп табылған өнер иелеріне де табысталды.

Жыл сайынғы жүлдені тағайындау идеясын кәсіби музыканттар 1957 жылы Лос-Анджелесте көтерді. Ол кезде Томас Эдисонның граммофонды ойлап тапқанына 80 жыл толуы атап өтілген еді. Жүлденің атауы («Грэмми») мен мүсінше формасының (алтын жалатылған граммофон) граммофонға ұқсайтыны да сондықтан. 

Соңғы жаңалықтар