АҚШ Қазақстанмен экономикалық байланысын тереңдетіп, инвестицияны ұлғайтуы керек - Дэниел Рунде

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - АҚШ Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысын тереңдетіп, инвестиция көлемін ұлғайтуы керек. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарына орай пікір білдірген Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының жобалар жөніндегі директоры Дэниел Рунде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«АҚШ Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысын тереңдетіп, инвестиция көлемін ұлғайтуы керек деп есептеймін. Мұның Қазақ билігінің де маңыз беріп отырған басымдығы екені белгілі. Айта кетерлігі, Қазақстанда білімді қоғам қалыптасқан. Тіпті, әлемдегі ең білімді, денсаулығы мықты, бай елдердің қатарында деп айтар едім», - деді ол қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Америкалық сарапшының пайымынша, Қазақстанмен саяси және қауіпсіздік мәселелері бойынша да екіжақты және көпжақты байланысты тереңдете түсудің маңызы айрықша.

«Елдеріңіз Қытай және Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осы тұрғыда АҚШ елдеріңізбен әріптестік орнатуға мүдделік танытады. Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ елдерімен байланысын жоғары бағалаймыз. Бірнеше жыл бұрын Сіздер Дүниежүзілік сауда ұйымы қатарына кірдіңіздер. Бұл экономикаларыңызға өте тиімді болғаны анық», - деді Дэниел Рунде.

Сонымен қатар ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайту үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажеттігін де атап өтті.

«Халық пен халықтың, бизнес өкілдерінің өзара қарым-қатынасы жолға қойылғаны жөн. Сондай-ақ, америкалық алпауыт компаниялар ғана емес, кішігірім кәсіпорындар да елдеріңізде жұмыс істеуге мүмкіндік болуы тиіс. Президент Назарбаевтың сапары осы әріптестіктерді нығайтуға жасалған қадам деп ойлаймын», - деді америкалық сарапшы.

Соңғы жаңалықтар