АҚШ ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімшартқа қол қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж А. Кролл Америка Құрама Штаттарының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы туралы келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды primeminister.kz.

«АҚШ әлемнің жетекші экономикасы және жаһандық энергетика нарығындағы басты ойыншылардың бірі болғандықтан, оның көрмеге қатысуы біз үшін аса маңызды», - деді америкалық делегациямен кездесу барысында Есімов.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен АҚШ арасында өзара тиімді серіктестік пен жоғары сенімге негізделген достық қарым-қатынас орнады.

«Біз бұл сәтті ұзақ күттік және бұл оқиғаға өте қуаныштымын. Қазақстан біз үшін өңірдегі стратегиялық әріптес, және біз бұл оқиғаға қатыспауымыз мүмкін емес. Бұдан бөлек, ЭКСПО көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбы Қазақстан үшін де, АҚШ үшін де зор перспективаларға ие», - деп баса айтты Дж. Кролл.

Айта кету керек, АҚШ - жаңартылмалы энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Өткен жылы АҚШ-тағы қолданысқа енгізілген күн электр станцияларының қуаты 95% өсіп, 14,5 гигаватты құраған.

Бұдан бөлек, ірі америкалық компаниялар «жасыл» технологияларға баса назар аударады. АҚШ жаңартылмалы энергия көздері және «жасыл» технологиялар саласындағы өзінің бай тәжірибесі мен озық әзірлемелерін ұсынбақ. Демеушілік туралы шартқа «Дженерал Электрик» компаниясы қол қойған.

Еске салсақ, Халықаралық мамандандырылған көрме Астана қаласында 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткізіледі, оның барысында 5 миллион келу болады деп күтілуде.  

Соңғы жаңалықтар