Ақсай қаласында көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
 ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күніне орай Ақсай қаласында көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің мәлім еткеніндей, ең ұлық, ең қастерлі мереке қарсаңында Елбасының тапсырмасына сәйкес Ақсайда бес қабатты, 75 пәтерлік үй іске қосылып отыр. Бұл мекенге Березов ауылынан көшіп келген тұрғындар да қоныстануда. Мұның бәрі - мемлекет қамқорлығының арқасы.

Биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал мен Ақсай қаласында 14 көп қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Оған қоса сегіз ауданда 188 үй салынуда. Сонда 1700 отбасы жаңа баспанаға кірмекші.

Бүгін сондай-ақ Бөрлі ауылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Облыстың барлық ауданында 55 елді мекенді ауыз сумен қамту үшін 11 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде Бөрлі ауданында Бөрлі және Александров ауылдары орталықтандырылған су көзіне қосылды. Бұрын тұрғындар құдықтан немесе тасымалдап су ішсе, енді ондай қиындықтан құтылды. Су құбырын іске қосу кезінде германиялық сорғыдан басқа қазақстандық өнімдер пайдаланылып, жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылды. Қазір Бөрліде әрқайсысы 500 текше метрлік екі су қоймасы жұмыс жасап тұр. Жалпы құны 515,461 млн теңге тұратын жобаны бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС уақтылы жүзеге асырды.

«Таза су - денсаулық кепілі. Адам өмірінің ұзақтығы осыған да байланысты. Сондықтан өңірдегі 55 ауылдың орталықтандырылған су көзіне қосылуы - үлкен қуаныш. Мұның бәрі Елбасының саясаты, Тәуелсіздік пен ел бірлігі арқасында мүмкін болып отыр. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа мемлекеттік бағдарламалардың бәрі халықтың қамын көздейді», деді Алтай Көлгінов.

Бөрлі ауылындағы нысандарға барлығы 1,5 млрд теңге бөлініп, су құбырына қоса мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді, көшелер жарықтандырылып, қатқыл табанды жол төселді. Алдағы жылы спорт кешені іске қосылатын болады.

Оған қоса Кеңтүбек ауылында 50 орындық балабақша іске қосылды. Қазіргі таңда облыста 24 білім нысаны салынып жатса, соның оны - жеке балабақшалар. Оннан астам мектеп, басқа да білім ошақтары бой көтеруде. Соның бірі - осы балабақша. Енді мұнда балдырғандар тәрбиеленіп, тәрбиешілер жұмыс жасайтын болады.  Өңірде мектепге дейінгі тәрбиемен қамту 97 пайыздан асып отыр.

Айта кетейік, Бөрлі ауданында биыл 12,5 млрд теңгеге 57 нысан салынуда. 

Соңғы жаңалықтар