Ақпараттық қауіпсіздік өкілі ЭКСПО-2017 кезіндегі кибершабуылдар туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  «ЭКСПО-2017» көрмесі кезіндегі хакерлік шабуылдарда айтарлықтай ерекшелік болмады. Бұл туралы бүгін Астанада кибершабуылдарға тосқауыл қоюға арналған форумда Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағаcының орынбасары Руслан Әбдіқалықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер де турасын айтсақ, аталған мәселеде біз үшін ешқандай жаңалық болған жоқ. Себебі киберқылмыскерлер іс-қимылы саласындағы соңғы үрдістерге қарасақ, осындай ауқымды әрі маңызды шараларға шабуыл жасау бұрынғыдай қызық болмай қалды. Шынымен де шабуылдар жасалды, осы орайда тәулік бойы жағдайды бақылап отыруға тура келді, сондай-ақ техникалық қызмет бұл шабуылдарға төтеп бере алды. Осы жұмыстардың барлығы қарбалас режімде өтті. Дегенмен де осы хакерлік шабуылдардың барлығы түсінікті болды және бұл тұрғыда ешқандай да ерекшелікті байқамадық», - деді Р. Әбдіқалықов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен жылы тамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми сайтына хакерлік шабуыл жасалған. 

 «20 тамыз күні сағат 23:00 кейін (Астана уақытымен) expo2017.astana.com сайты орналасқан серверге ауқымды Ddos-шабуыл жасалғаны тіркелді. Зиянкестер әртүрлі IP-мекен жайларынан сайтқа үлкен жүктемені жасай отырып (секундына 20 мың өтінімнен жолдау), серверді істен шығаруға әрекет жасады. Техникалық қызметтің бірлескен жұмысы арқасында сервердің жұмысы толық қалпына келтірілді. Ddos-шабуылының барлық деректері арнайы қызметтерге жіберілді», - делінген таратылған хабарламада.

Соңғы жаңалықтар