Ақмолалықтардың ипотека бойынша берешегі 26,4 млрд теңгені құрады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтардың ипотекалық несиелері бойынша берешегі 26,4 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкі Ақмола филиалы директоры Виталий Чеусов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте банк өкілі алдымен, қаржы нарығындағы қазіргі жағдай және еліміздің бүгінгі қаржы-экономикалық саясаты жайында пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының банк жүйесінде Көкшетау қаласында және облыста екінші деңгейлі банктердің 19 филиалы және «Қазпошта» акционерлік қоғамының Астана филиалы «Астана поштамты» Көкшетау қалалық пошта байланысы торабы жұмыс істейді.

«2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша банктердегі депозиттерінің жалпы көлемі 145,7 миллиард  теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,8 пайызға және 126,6 миллиард теңгеге жетті. Депозиттердің жалпы сомасындағы жеке тұлғалардың депозиттік үлесі 86,8 пайызды құрады», - деді Виталий Чеусов өз сөзінде.

Сонымен қатар, ол ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша экономика саласына салынған несиелік салымдардың жалпы көлемі 216,5 миллиард теңгені құрағанын атап өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға артып отыр. Дегенмен, осы күні берілген несиелердің толық қайтарылмай жатқан да жайы бар.

«Қазіргі кезде банктердің тұтынушылық несиелері бойынша облыс халқының берешегі 57 миллиард теңгеге жетті. Ипотекалық несиелері бойынша облыс халқының берешегі 26,4 миллиард теңгені құрады», - деп атап өтті Виталий Чеусов.

Брифингте депозиттер және төлем карточкалар нарығындағы ахуал, республика бойынша дарынды жас мамандарды  іздестіру жайы да сөз болды. Мәселен, алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр банктердегі ұлттық валютамен салынған депозиттердің жалпы көлемі 33,9 пайызға артып, 89,9 миллиард теңгені  құраған.

Соңғы жаңалықтар